Еліміздің цифрлық дамуына үлес қосамыз
Қазіргі заманда адамзат бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Бүгінгі таңда әлем цифрлық дәуірге аяқ басты. Технологиялар күн сайын өзгеріп, қоғамның барлық саласы жаңа форматқа көшіп жатыр. Бұл процесс жастардың өмір салтына, кәсіби бағытына, ойлау жүйесіне түбегейлі ықпал етуде. Осындай сындарлы кезеңде сапалы білім мен заманауи технологияны қатар меңгеру кез келген жас буын үшін басты қажеттілікке айналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – осы қажеттіліктерге толық жауап бере алатын білім ордасы.
Біздің университет – болашаққа бастар жол, цифрлық қоғамның көшбасшыларын тәрбиелейтін орталық. Университет қабырғасында білім алып жүрген біз осы өзгерістердің бел ортасындамыз. Әсіресе біздің мамандығымыз – цифрлық экономика – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі күннің де талабына жауап беретін бағыт. Бұл салада тек экономиканы түсіну аздық етеді, сонымен қатар деректерді өңдеу, алгоритмдік ойлау, цифрлық платформалармен жұмыс істеу, заманауи бағдарламалар мен құралдарды игеру – барлығы да маңызды дағдыға айналды.
ҚазҰУ осы дағдыларды толық меңгеруге барлық жағдай жасап отыр. Университеттегі оқу процесі толықтай цифрлық жүйеге бейімделген. Студенттер Platonus, Moodle, электрондық кітапхана, онлайн курстар арқылы оқу материалдарына оңай қол жеткізе алады. Бұл бізге тек аудиторияда емес, кез келген жерде оқуға мүмкіндік береді. Білім беру үдерісінің икемділігі – заман талабына сай дамудың айқын көрінісі.
Оқу бағдарламалары тек теориямен шектелмейді. Мұнда студенттер практикалық жобаларға белсене қатысады, стартаптар мен инновациялық идеялар қолдау табады. Университетімізде Big Data, блокчейн, финтех, цифрлық кәсіпкерлік секілді заманауи пәндер енгізілген. Бұл пәндер студенттерге шынайы нарықтағы процестерді модельдеуге және нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Осының арқасында біз тек «жұмыс іздеуші» емес, өз ісін ашуға дайын, ойы сергек, технологиямен үндесе алатын маман болып қалыптасамыз.
Цифрлық экономика – бұл болашақтың экономикасы. Ол Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді өзгертетін әлеуетке ие. ҚазҰУ осы бағыттағы жаңа буын мамандарын даярлау ісінде көш басында. Мұнда алған біліміміз бізді отандық қана емес, халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті етеді. Алдағы уақытта әрқайсымыз өз стартап жобаларымызды іске асырып, еліміздің цифрлық дамуына нақты үлес қосамыз деп сенеміз.
Қорыта айтқанда, ҚазҰУ – бұл білім мен тәрбиені, ғылым мен технологияны ұштастыратын іргелі оқу орны. Мұнда оқу біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Университетіміз бізге тек мамандық емес, өмірлік бағыт береді. Біз ҚазҰУ-да оқитынымызды мақтан тұтамыз, өйткені дәл осы университет – біздің саналы таңдауымыз, цифрлық болашаққа бастар сенімді жолымыз.
Дінмұхамет САҒЫНЖАН,
Әлихан ӨТЕМҰРАТ,
Дәулет ҚАЛДЫБАЕВ,
«Цифрлық экономика» мамандығының 1-курс студенттері
Басқа жаңалықтар