«Квант» компаниясымен келісім орнайдыFarabi University

«Квант» компаниясымен келісім орнайды

30 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ресейлік «Росатом Кванттық технологиялар» компаниясының «СП «Квант» делегациясымен кездесті.

Тараптар ғылыми-инновациялық бағыттағы өзара әріптестікті дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру және кванттық технологиялар саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

ҚазҰУ проректоры Марғұлан Ибраимов кездесуде екі ел арасындағы экономикалық және ғылыми байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестік бүгінде жаңа белеске көтерілді. ҚазҰУ әлемнің үздік 200 университетінің қатарына енген зерттеу университеті ретінде Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл байланыс ғылым мен инновация саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді проректор.

Өз кезегінде «Росатом Кванттық технологиялар» компаниясының халықаралық жобалар жөніндегі басшысы Анна Кочарова «СП «Квант» компаниясының зерттеу бағыттары мен халықаралық серіктестік тәжірибесі туралы ақпарат берді.

Кездесу соңында тараптар ғылыми-инновациялық байланыстарды нығайтуға, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және кадр даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі