ҚазҰУ-да бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өттіFarabi University

ҚазҰУ-да бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

30 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «MansapStart: табысты мансапқа алғашқы қадамдар» атты кең көлемді бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараны университеттің «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында ҚазҰУ-дың Кәсіби даму және мансап офисі ұйымдастырды.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – студенттер мен түлектерге мансаптық өсуге қолдау көрсету және Қазақстанның жетекші жұмыс берушілерімен серіктестік байланыстарды дамыту.

Биылғы жәрмеңкеге 30-дан астам компания мен ұйым қатысты. Олардың қатарында QSamruk.kz, «Air Astana» АҚ, Алматы халықаралық әуежайы, Huawei Technologies Kazakhstan, Nestlé Food Kazakhstan, EFES Kazakhstan, Lukoil, KPMG, PwC, Kcell, Beeline, Технодом, Sika Central Asia, Rixos Almaty, Ramada Almaty, Aiplus, Назарбаев Зияткерлік мектептері және басқа да ірі жұмыс берушілер бар. Компания өкілдері студенттерге бос жұмыс орындарын, тағылымдамадан өту және тәжірибе жинақтау мүмкіндіктерін ұсынды.

«MansapStart» жәрмеңкесі бір күн ішінде кәсіби дамуға және жұмысқа орналасуға қызығушылық танытқан 2000-нан астам студент пен түлекті қабылдады. Жұмыс берушілер жеке сұхбаттар, мансаптық кеңестер және корпоративтік бағдарламалар таныстырылымдарын өткізді.

Нәтижесінде 150-ден астам студент тәжірибеден өтуге шақырту алса, 70-тен астам жас маман алдын ала жұмысқа қабылдау ұсыныстарын иеленді.

Университет басшылығы серіктестерге елдің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған жастар бастамаларын қолдағаны және белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша серіктестік желіні кеңейту, ынтымақтастық туралы меморандумдарды жаңарту және тәжірибеден өтуге арналған жаңа келісімдер жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жақын уақытта ҚазҰУ базасында компания өкілдері қатысуымен қонақ дәрістер, шеберлік сабақтары және мансаптық кездесулер өтеді.

2026 жылдың көктемінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ірі Мансап форумын өткізеді. Форум бизнес, білім және мемлекеттік құрылым өкілдерін біріктіріп, еңбек нарығының заманауи үрдістері, болашақ дағдыларды дамыту және түлектерді кәсіби ортаға бейімдеу мәселелерін талқылайтын ашық алаңға айналмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі