ҚазҰУ мен Түркия Республикасы «Шетелдегі түркілер және туысқандар» ұйымы, Ыстамбұлдағы Ибн Халдун университетімен бірлесіп халықаралық деңгейде бір айлық семинар жүргізді. Семинар «Қазақстанда түрік тілін оқыту» тақырыбы аясында үш апта онлайн, бір апта офлайн форматта өтіп, ҚазҰУ шаңырағында қорытындыланды.
Осы семинарға Түркітану және тіл теориясы кафедрасындағы профессор-оқытушылар құрамы да қатысып, білігін арттырды. Кәсіби білігін арттыру курсында екі жақтың университет оқытушылары арасында тәжірибе алмасу, білім берудегі жаңашылдық пен жаңа технологияларды меңгеріп, оны білім алушыларға дәріс барысында қолдану тақырыптары кеңінен талқыланды. Болашақта екі университет бірлесіп түрлі оқу-әдістемелік жобаларды ұйымдастыру мәселесі сөз болды. Семинар қатысушылары Әл-Фараби университеті мен Ибн Халдун университеті арасында екіжақты келісімшарт негізінде қарым-қатынастарымызды нығайту жөнінде ұсыныс тастады. Сонымен қатар университет оқытушылары мен түркиялық университет оқытушылары бірлесе оқу құралдарын әзірлеу туралы пікір алмасты. Оқулық Қазақстанда түрік тілін оқытуға арналған, оқыту барысында қазақстандық студенттердің түрік тілін меңгеруі барысында туындаған мәселелерді қамтып, оңтайлы білім беруге негізделуі керек деген пікірлермен толықты. Сондай-ақ оқулықтардан бөлек, студенттер үшін академиялық ұтқырлық негізінде студенттердің екі елде білім алуы, студенттерге жазғы демалыста басым бағытты тілге бере отырып, тіл үйренуге қатысты түрлі іс-шараларды ұйымдастыру туралы маңызды келіссөздер де болды. Түркиялық оқу орнымен Әл-Фараби университеті арасындағы халықаралық қатынасты нығайту мақсатында түрік студенттерінің де университетімізге келіп, қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениетімен танысуына жағдай жасау мәселесі сөз болды. Өз кезегінде Ибн Халдун университеті тарапынан түркі мемлекеттерінде түрік тілін оқытатын ЖОО оқытушылары үшін Ыстамбұл қаласында білікті арттыру жазғы курсын ұйымдастыру туралы тың ұсыныстар айтылып, алдағы уақытта келіссөздер жүргізу туралы бітімге келді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұйымдастырылған қорытынды семинарда оқытушылар тіл үйретудегі қазіргі заманғы жаңа инновациялық технологияларды меңгерді. Түрік тілін жеңіл әрі қызықты етіп оқыту үшін түрлі платформаларда жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдалану т.б. бағыттарда білімдерін жетілдірді. Ибн Халдун университетінен келген оқытушы-професссорлар құрамына университет оқытушылары Қазақстанда түрік тілін үйрету мен дәріс жүргізудегі өз методикаларымен бөлісіп, жаңа технологиялар арқылы айтылу, жазылу, тыңдау, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында пайдаланылатын заманауи әдістерді қолданып ашық дәріс өткізді. Білікті арттыру курсының соңында барлық қатысушылыр сертификаттармен марапатталды. Оқытушы-профессорлар құрамы осындай тағылымы мол істерге ұйытқы болғаны үшін ҚазҰУ ұжымына алғыс білдіреді.
Қанат ӘШІРҚҰЛОВ,
Шынарай БҮРКІТБАЕВА,
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары
Басқа жаңалықтар