Жаңа мүмкіндіктер кезеңіFarabi University

Жаңа мүмкіндіктер кезеңі

29 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Математика, механика және ақпараттық технологиялар» атты Х халықаралық ғылыми конференция өтті. Ауқымды ғылыми шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Конференцияға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия, Ресей, Португалия, Пәкістан, Әзірбайжан, Литва, Грузия және басқа да елдердің көрнекті ғалымдары мен са­рап­шылары қатысты.

Алқалы жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, цифрлық тех­но­логияның маңызына тоқталды. «Цифрлық технологиялардың дамуы – жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер кезеңі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында жасан­ды интеллектіні басым бағыт ретінде атап өтті. Бүгінде бұл – тек зерттеу нысаны ғана емес, сонымен қатар инже­нер­лік және өндірістік міндеттерді ше­шудің қуатты құралы. Уни­вер­ситетіміз осы бағытта бел­сенді ғылыми жобалар жүр­гізіп, жас ғалымдар мен сту­денттерді инновациялық қызметке ке­ңі­нен тартуда», – дей келе, ректор универ­си­тет­тің ғылыми орта­лық­тары ат­қа­рып жатқан зерт­теу жұ­мыс­тарымен та­ныс­тыр­ды.

Сонымен қатар ашылу са­л­танатында ҚР Ұлттық инже­нер­лік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов, ҚР ҰҒА академигі Айдархан Қалтаев, Ресей ҒА корреспондент-мү­шесі Сергей Кабанихин сөз сөй­леп, математика мен ме­ха­никаның іргелі мәселелері жайлы пікір білдірді.

Үш күнге созылған халы­қ­ара­лық жиын аясында әлемдік деңгейдегі ғалымдардың қа­ты­суымен пленарлық мәжіліс­тер; математика, механика, IT салалары бойынша секциялық отырыстар; жас зерттеушілер өз жобаларын ұсынатын стенд­тік сессиялар; «Ғылым мен ин­же­нериядағы жасанды ин­тел­лект: сын-қатерлер мен мүм­­кіндіктер» атты дөңгелек үс­тел және өзге де шаралар өтті.

Конференция барысында ҚР және РФ Ұлттық ғылым ака­демияларының академиктері, Питтсбург университеті, Падуя университеті, Лондон универ­си­теті (Queen Mary), Назарбаев университеті және өзге де жетекші ғылыми орталық­тар­дың профессорлары баяндама жасады. Сондай-ақ үздік баян­дамалар мен зерттеулер ар­найы сыйлықтармен мара­пат­талды.

Басқосуда математика мен ме­ханиканың іргелі және қол­­данбалы мәселелері, ро­бо­то­тех­ника, ақпараттық тех­­но­ло­гиялар және жа­сан­ды ин­­тел­лект саласындағы соңғы жетістіктер талқыланды.

Әйгерім ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ