Абайдың рухани ілімі жаңа қырынан таныстырылдыFarabi University

Абайдың рухани ілімі жаңа қырынан таныстырылды

31 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты мен Фараби кітапханасы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай, «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және ілімі» тақырыбында VI халықаралық ғылыми конференция өткізді.

Жиынға отандық және шетелдік әдебиеттанушы, абайтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, докторанттар, магистранттар қатысты.

Конференцияны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибрайымов құттықтау сөзбен ашты. Ол өз сөзінде Абай мұрасын заманауи ғылыми тұрғыда қарастыру және оның ілімін қазіргі руханиятпен байланыстыра зерделеудің маңызын атап өтті.

Басқосуда Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебайұлы «Абай ілімі – алтыннан ардақты рухани құндылығымыз» тақырыбында баяндама жасап, институттың ғылыми-зерттеу бағыттары мен соңғы жылдардағы жетістіктері туралы айтты. Ол Абай ілімін тану, түсіну және білім беру жүйесіне енгізудің өзекті мәселелеріне тоқталып, институт жүзеге асырып жатқан ғылыми жобалар мен басылымдар жайлы кеңінен баяндады.

Халықаралық деңгейдегі басқосуда Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен белгілі ғалымдар – Н.Бирай, Н.Тагисой, А.Ахматалиев, Б.Кәрімов, сондай-ақ Алматыдағы Иран Бас консулдығының мәдени атташесі А.Хоссейн сөз сөйледі. Отандық абайтанудың жетекші өкілдері А.Ісімақова, Р.Тұрысбек, А.Жақсылықов, Қ.Мәдібай, С.Құлбарақ, Ж.Алтаев және басқа да ғалымдардың мазмұнды баяндамалары тыңдалды.

Конференция барысында ғалымдар Абайдың шығармашылық тұлғасы мен өмірлік тағылымы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар ақынның шығармашылық мұрасын жаңа қырынан түсіндіру жолдары сөз болды. Қатысушылар Абай ілімінің негізгі жүйесін және оның қазіргі заман мәдениетіне тигізіп отырған әсерін де кеңінен қарастырды.

Сондай-ақ шара аясында Фараби кітапханасымен бірлескен «Адамзаттың Абайы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда Абай ғылыми-зерттеу институтының мерейтойға орай жарық көрген жаңа кітаптары таныстырылды. Бұған қоса, «Абай парсы тілінде» атты шағын экспозицияда иран-қазақ жазушысы, аудармашы Мұқаммедқажы Шадхамның парсы тіліне тәржімаланған Абай шығармалары көпшілік назарына ұсынылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі