ҚазҰУ-дың жас ғалымы халықаралық байқауда жеңімпаз атандыFarabi University

ҚазҰУ-дың жас ғалымы халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

31 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD Анар Омарова «The Steppe»  мультиплатформалы медиа  ұйымдастырған «Steppe Awards – 2025» сыйлығын жеңіп алды. Жас зерттеуші  «Ғылымдағы жаңа есім» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Анар Омарова байқауға «Алматы ауасындағы PM2.5-нің физика-химиялық қасиеттері мен биологиялық белсенділігін зерттеу: Қоршаған орта қауіптерін бағалаудың кешенді әдісі» атты ғылыми жобасын ұсынған.

Анар Сағидуллақызы ҚазҰУ-дағы химия және химиялық технология факультетінде аға оқытушы, Зерттеу және талдаудың физика-химиялық әдістері орталығының жетекші ғалымы болып жұмыс істейді. Ол 2019 жылдан бастап аналитикалық химия және экологиялық мониторинг саласында зерттеулер жүргізіп келеді. Оның ғылыми жұмысының негізгі бағыты – қоршаған ортадағы ластаушы заттарды анықтауға арналған материалдар мен әдістерді әзірлеу, сондай-ақ атмосфераның сапасы мен оның ластану көздерін зерттеу. Анар Омарова 20-дан астам ғылыми жарияланымның, соның ішінде Q1–Q3 деңгейіндегі журналдардағы мақалалардың авторы. Канада, Финляндия, Италия және Франция мемлекетінде тағылымдамадан өткен.  2022 жылы ҚазҰУ-дың «Үздік жас ғалымы» атағын иеленіп, 2024 жылы дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанды.

Айта кетейік «Steppe Awards» сыйлығы ғылыми жетістігі бар, креативті индустрия саласындағы жаңа есімдерді ашуға бағытталған халықаралық марапаттардың бірі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі