Электронды технологияларды дамытуға басымдық беріледі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасының Гуйлинь электронды технологиялар университеті (ГЭТУ) делегациясымен кездесті.
Ректор ғылым мен білім саласындағы ҚазҰУ-дың маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі ҚХР екенін айтты. Ол университеттің халықаралық аренадағы беделі жыл сайын артып келе жатқанын және QS World University Rankings 2026 нәтижесінде ҚазҰУ әлемнің үздік 200 университетінің қатарына енгеніне назар аударды.

Келіссөз барысында тараптар академиялық алмасуларды кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және екіжақты білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе жасанды интеллект, модельдеу, материалтану, цифрлық технологиялар және киберқауіпсіздік бағыттарындағы серіктестік әлеуеті жоғары екені айтылды.

Соңғы жылдары ҚазҰУ-дың Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен байланысы белсенді түрде дамуда. Келіссөз барысында 2023 жылы ҚазҰУ базасында ашылған Солтүстік-батыс политехникалық университеті (ҚХР) филиалының табысты жұмысы тілге тиек етілді.

Өз кезегінде ГЭТУ вице-президенті Чэнь Сунцин өз ризашылығын білдіріп, қытай тарапының ғылыми және академиялық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. ГЭТУ – Қытайдағы электроника, ақпараттық технологиялар және материалтану салаларындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу зертханаларын құру, қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, оқытушылар, докторанттар және студенттер алмасуын ұйымдастыру, сондай-ақ халықаралық ғылыми гранттар мен жобаларға бірлесіп қатысу туралы меморандум жасасуға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар