Франция ЖОО-лармен тәжірибе алмасу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстандағы Бас консулы Максима Жеренжемен келіссөз жүргізді.
Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ Францияның жоғары оқу орындарымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. Ректор жаңадан сайланған консулдың жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«ҚазҰУ мен Франция ЖОО-лары арасындағы әріптестік байланыс жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Дегенмен өзге де франциялық университеттермен серіктестік орнату жұмыстарын жүргізу абзал. Бұған қосымша ҚазҰУ базасында Әл-Фараби кітапхана жұмыс істейді. Мұнда 2 млннан астам кітап қоры бар. Солардың ішінде Францияның тарихына және ақын-жазушыларына қатысты кітаптар жетерлік. Осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік бар. Сонымен қатар болашақта ҚазҰУ мен консулдық бірлесіп ортақ конференциялар, кездесулер, дәрістер өткізуді ұсынамын», - деді ректор.


Өз кезегінде Максима Жеренже ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, айтылған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді. Консул бүгінгі келіссөз ҚазҰУ мен Франция ЖОО-лары арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенім білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар