Ланчжоу университетімен ғылыми байланыс
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасының Ланчжоу университеті делегациясымен кездесу өткізді. Делегация құрамын университеттің вице-президенті Ван Вэй басқарды.
Келіссөз барысында ректор ҚазҰУ мен Ланчжоу университетінің арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Ғылымды және инновациялық әзірлемелерді дамыту мақсатында инженерия және технология салаларындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігіне назар аударылды. Сондай-ақ ректор Ланчжоу университетінде Фараби орталығын ашу бастамасын ұсынды. Бұл қадам екі университет арасындағы мәдени, ғылыми және гуманитарлық байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Өз кезегінде вице-президент Ван Вэй жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық әлеуеті мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған стратегиялық қадамдарын жоғары бағалады. Ол Ланчжоу университеті ҚазҰУ жанындағы Конфуций институтымен белсенді ынтымақтастық орнатып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың QS Asia University Rankings 2026 рейтингінде 38-орын алып, Орталық Азиядағы жетекші университет мәртебесін тағы да растағанын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты нақты жобалар мен бірлескен іс-шаралар аясында жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар