«Қайырымдылық - жылы жүректен»

18 наурыз, 2016

80 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бүгінгі күнде жеткен жетістігі шаш етектен. Ең алды халықаралық деңгейдегі әлемнің ең үздік 300 білім ордасының қатарынан 275-орынды иеленуі, әрі Қазақстан Республикасының білім ордаларының ішінде көшбасшылар шеберханасы атануы. Осынау білім ордасында бүгінде көптеген инновациялық әрі рухани жан дүниені байытатын жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М. Мұтановтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Айналаңды нұрландыр» жобасы.

«Айналаңды нұрландыр» – қараңғы жерден жарық тауып, жарқын өмірге жол бастау. Әр адам жеке тұлға дейтін болсақ, әркім өзіне жүктелген міндеттерді сауатты әрі тиянақты атқаруы тиіс. Жүрген жеріңді, ортаңды, өзің өмір сүріп жүрген қоғамды жамандықтан тазартып, айналаңды нұрға бөлеп, адамдармен эстетикалық тұрғыда қарым-қатынас орнатып, олардың да осы бағытта жүруіне бағыт-бағдар сілтеу.

Сөзіміз дәлелді болу үшін, осы бастаманың негізін қалаушы ректор Ғ.М. Мұтановтың сөзіне сүйенсек: «Нұрландыру» дегеніміз – біздің күнделікті өмірдегі мінез-құлқымыздың мейірімді, тура және әділ болуы керектігін білдіреді, кез-келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Көре алмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық – жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау, тәрбиеге ден қою арқылы елді, ұлтты дамытамыз. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы» – деп атап өткен еді.

«Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында студенттер мен ұстаздар арасында көптеген іс-шаралар жүзеге асты. Соның бірі халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасында өткен “Қайырымдылық - жылы жүректен” атты іс-шара. Жиынның басты мақсаты өмірдің ащы дәмін татқан жетімдерге көмек қолын созу, оларды жылы мейірімге бөлеудің маңызды екенін дәріптеу.

Бұл – жастардың, студенттердің қоғамда орын алған өзекті мәселелерге бей-жай қарай алмайтын, сергек те сезімтал, әр уақытта көмек қолын созуға даяр, жұмсақ жүректі, әсемдікті, жақсылықты аялай білетін жандар екендігінің дәлелі болды.

Айналамызды әрдайым нұрландырып, қуаныш пен шуақты сәттер сыйлағанға не жетсін!