Almaty Air Initiative қорымен бірге экожоба іске асады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде механика-математика факультетінің ғалымдары мен Алматыдағы ауа сапасын жақсарту жөніндегі Almaty Air Initiative қорының өкілдері кездесті. Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – қала атмосферасының ластануын азайтуға бағытталған ғылыми негізделген шешімдер әзірлеу.
Шара барысында тараптар ауа сапасын талдау және экологиялық шаралардың тиімділігін болжауға арналған математикалық модельдеу әдістерін қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Ғылыми зерттеулердің нәтижесін нақты практикалық ұсыныстарға айналдыру және олардың қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуі басты назарда болды. Қордың атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова бұл жұмыстың маңызын атап өтіп: «Таза ауа – қаланың денсаулығы мен тұрақты дамуының негізгі шарты. Қабылданатын әр шешім нақты деректер мен ғылыми есептеулерге сүйенуі тиіс. Сондықтан ҚазҰУ-мен әріптестік біз үшін стратегиялық мәнге ие», – деді. ҚазҰУ өкілдері де университет зерттеулері қоғам игілігіне қызмет етуі керектігін жеткізді.

Басқосу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Тaза Қазақстан» экологиялық бастамасының аясында өтті. Қатысушылар бұл серіктестік БҰҰ-ның бірнеше Тұрақты даму мақсаттарын іске асырумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Әсіресе ТДМ 3 (Денсаулық және әл-ауқат) маңызды орын алады, себебі ауаның ластану деңгейін төмендету мегаполис тұрғындарының денсаулығын қорғаудың негізгі факторы болып табылады. Сонымен қатар ынтымақтастық ТДМ 11 (Тұрақты қалалар және елді мекендер) мақсатын қолдайды, мұнда басты назар экологиялық қауіпсіз әрі қолайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Бұған қоса, жоба ТДМ 13 (Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл) мақсатына да үлес қосады. Ғылыми негізделген шешімдер әзірлеу және шығарындыларды азайту қаланың көміртекті ізін төмендетуге және климаттық өзгерістер жағдайына бейімделу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша Almaty Air Initiative қоры ҚазҰУ ғалымдары үшін техникалық тапсырма дайындап, Алматының ауа сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды ғылыми сараптамадан өткізу және математикалық модельдеу жұмыстары басталатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар