Студенттердің мансаптық мүмкіндіктері кеңейеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультетінде студенттер мен магистранттар арнайы сақтандыру саласының жетекші компаниясы «Freedom Finance Insurance» өкілдерімен кездесті.
Басты мақсат – компания мен университет арасындағы ықпалдастықты күшейту, актуарлық білімді практикалық кейстер арқылы тереңдету және студенттердің мансаптық мүмкіндіктерін кеңейту.
Іс-шараны Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасы, атап айтсақ: кафедра доценті, ф.-м.ғ.д., лицензиялы актуарий М.Сиховтың ұсынысымен кафедра меңгерушісі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор А.Темірбеков, кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары З.Сүлейменова ұйымдастырды. Кездесу барысында механика-математика факультетінің деканы, PhD докторы Ж.Бектемесов факультет туралы жан-жақты ақпарат берді.

Қатысқан спикерлер: Азамат Керимбаев – PhD, «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы; Айжан Шукатаева – Актуарлық есептеулер департаментінің директоры, лицензиялы актуарий; Жанат Романова – Деректерді талдау департаментінің директоры.
Спикерлер сақтандыру нарығындағы ағымдағы трендтерге, тәуекелді модельдеуге және актуарлық есептеулердің өндірістік қолданбаларына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар нарық және реттеу: сақтандыру өнімдерінің деректерге негізделген бағалануы, Solvency талаптарымен үйлесімділік, андеррайтинг мәдениеті де талқыланды. Кездесу барысында студенттер мен магистранттар сұрақ-жауап кезінде мансаптық тректер, тағылымдаманың мазмұны, техникалық дағдыларға қойылатын талаптар жөнінде нақты ақпарат алды.
Жүздесу нәтижесі бойынша компания жыл сайын «Актуарлық математика» оқу бағдарламасының түлектерінен кем дегенде бесеуін жұмысқа орналастыруға дайын екенін растады. Ал үздік үлгерімді бакалавр студенттеріне компания атынан ай сайын 100 мың теңге шәкіртақы тағайындау жоспарланды. Ақылы бөлімде оқитын, бірақ үлгерімі жоғары студенттердің оқу ақысының 50 пайызын төлеп беру ұсынылды. Компания мамандары студенттер үшін жоспарлы түрде тақырыптық дәрістер және тәжірибелік сабақтар өткізеді және дипломдық жобалар үшін нақты корпоративтік деректерге негізделген тапсырмалар ұсынатын болады. Сонымен қатар келесі оқу жылынан бастап студенттердің дипломдық жұмысына жетекшілік жасау және қажетті статистикалық материалдармен қамтамасыз ету бастамасы да келісілді. Компания өкілдері арнайы аудиторияны жабдықтауға және студенттердің білім алуына қажетті құралдармен қамтамасыз етуге әрқашан дайын екендерін жеткізді.
Шара соңында университет пен компания арасында бірлескен білім беру бағдарламалары мен жобаларды жүзеге асыруды қамтитын ұзақ мерзімді серіктестік туралы келісімге қол жеткізілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар