ISESCO-мен байланыс күшейедіFarabi University

ISESCO-мен байланыс күшейеді

11 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сұлтан бин Абдулазиз әл-Сауд атындағы қайырымдылық қоры бас директорының орынбасары Абдулазиз әл-Макуши және Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам әлемі ұйымы (ISESCO) делегациясымен кездесті.             

Кездесу барысында ректор университеттің Сауд Арабиясы Корольдігі ғылым және білім институттарымен ынтымақтастығын нығайтуға дайын екенін атап өтті.

Тараптар ғылым, жоғары білім, академиялық ұтқырлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағыттарындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл үрдіс саяси кеңестер нәтижелері мен «Орталық Азия – Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі» диалог алаңы жұмысымен расталады

Қазіргі таңда ҚазҰУ Король Фейсал атындағы Ислам зерттеулері және зерттеулер орталығы мен Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясымен тығыз  ынтымақтастық орнатқан. Университет ISESCO-мен бірлескен жобаларды жүзеге  асырады, сонымен қатар білім беру бағдарламаларын әзірлеу және исламтану мен гуманитарлық зерттеулерді қолдайды. Әртүрлі елдерден келген жас зерттеушілерді біріктіретін «Мишкат» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылып келеді.

Кездесу қорытындысында ынтымақтастықтың жаңа бағыттары белгіленді. Тараптар ҚазҰУ-да исламтану және араб тілін оқыту бойынша мамандар даярлайтын ISESCO кафедрасын ашу, сондай-ақ «ISESCO – Farabi Digital Lab» бірлескен ғылыми-білім беру орталығын құру мүмкіндігін қарастырды. Сонымен қатар «ISESCO – Al-Farabi» жыл сайынғы жастар ғылыми форумын ұйымдастыру және ISESCO платформасында оқытушылардың біліктілігін арттыруға арналған онлайн бағдарламаларды әзірлеу мәселелері талқыланды. Қазақ тілін, араб тілін және ислам мәдениетін дамыту мақсатында ҚазҰУ-да «Мишкат» орталығын ашу бастамасы да қолдау тапты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі