- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Азия зерттеулері институтындағы стратегиялық кездесу: «Ашық Әлем» қоры мен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Азия зерттеулері институтындағы стратегиялық кездесу: «Ашық Әлем» қоры мен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою
2025 жылдың 7 қарашасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Азия зерттеулер институтында (әрі қарай – Институт) маңызды оқиға орын алды, атап айтқанда екі жетекші талдау орталықтары арасындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің негізін қалаған стратегиялық кездесу ұйымдастырылды. Институт директоры, профессор Герман Николаевич Ким халықаралық қақтығыстар, геосаясат және жаһандық қауіпсіздік саласының сарапшысын, сондай-ақ «Ашық Әлем» «Талдау және болжау орталығы» қоғамдық қорының (әрі қарай – Қор) өкілі Тимур Серікұлын қабылдады. Кездесу достық әрі еркін жағдайда басталып, ашық пікір алмасуға мүмкіндік берді. Кездесуге қатысушылар қазіргі геосаяси жағдаймен шектелмей, заманауи халықаралық қатынастардың қолданбалы және теориялық сипаттағы өзекті мәселелерін қамтитын кең ауқымды тақырыптарды талқылады.
Кездесу барысында Институт пен Қор арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық әлеуетін талқылауға ерекше көңіл бөлінді. Қордың Орталық және Оңтүстік Азиямен қатар, Таяу Шығыстағы өзекті күн тәртібі мен оқиғаларды талдау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқаны атап өтілді. Өз кезегінде, Институттың Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қиыр Шығыс елдерінің академиялық қауымдастығымен кең серіктестік байланыстары бар екендігі айтылды. Географиялық қамтудың мұндай ерекшелігі тараптардың әрқайсысының бірегей құзыреттеріне негізделген өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін қалайды.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе Институттың ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі бағыттарының бірі – диаспорология және соған байланысты радикализм, сепаратизм, конфликтология сияқты диаспоралық ортада туындайтын өзекті мәселелер болды. Бұл тақырып Тимур Серікұлының айрықша қызығушылығын тудырды. Оның қазіргі әлемдегі өзектілігін мойындай отырып, тараптар аталған мәселелерді тереңірек талқылауға және бұл бағытты кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар бірлескен іс-шараларды алдағы уақытта өткізу жөнінде уағдаласты.
Кездесудің шарықтау шегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою болды. Бұл құжат тараптардың геоэкономикалық трансформациялар, көліктік логистика, халықаралық құқық және Орталық Азия мен одан тыс аймақтардағы өңірлік интеграциялық үдерістер сияқты бағыттарда сараптамалық, академиялық және талдамалық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігін ресми түрде бекітті. Құжатқа қол қойған тараптар өңірлік және жаһандық үдерістерді кешенді талдау үшін күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын, сондай-ақ зерттеу және консалтингтік қызмет саласында тәжірибеге бағытталған тәсілдерді әзірлеу қажеттілігін атап өтті.
Басқа жаңалықтар