Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күніне арналған «Жаһандық коммуникация: өркениеттік дамудың ұлттық ақпараттық моделі және жасанды интеллект» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және IV дәстүрлі Кенжалин оқулары өтті.
Шараның мақсаты жаһандану дәуіріндегі ұлттық ақпараттық саясат пен коммуникацияның даму үрдістерін, жасанды интеллектінің бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам өміріндегі рөлін талқылауға бағытталған.

Жиынға университет басшылығы, отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, медиа ЖИ саласының мамандары және білім алушы жастар қатысты.
Жиында сөз алған әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров: «Кенжалин оқулары – жас буынды кәсіби жауапкершілікке, ұлттық рухқа және әділ ақпарат тарату мәдениетіне тәрбиелейтін ерекше мектеп. Бұл – ғылым мен журналистиканың тоғысқан тұсы», – деді. Сондай-ақ ол зейінді зерттеуші, қайраткер әрі қаламгер Ж.Кенжалиннің ұлттық ақпараттық кеңістіктің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

«Қазақ журналистикасының дамуындағы Ж.Кенжалиннің есімі – адалдық пен жауапкершіліктің символы. Ол редактор ретінде де, ғалым ретінде де әр сөздің салмағын сезінетін тұлға еді. Кенжалин журналистиканы халыққа қызмет етудің биік мінбері деп түсінді. Оның еңбектері бүгінгі жас журналистерге үлгі болып қала береді», – деді жиында сөз алған профессор Намазалы Омашев.


Сондай-ақ конференция аясында жиналғандар ақпараттық саясаттың ұлттық ерекшеліктері, медиамәдениеттің трансформациясы, цифрлық журналистика және жасанды интеллектінің этикалық қырларын сөз етті. Қатысушылар адам арасындағы жауапкершілік, ақпараттың шынайылығы мен медиасауаттылықтың маңыздылығына тоқталып, жаһандық ақпараттық кеңістіктегі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін және ондағы мәселелерді жан-жақты талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар