«Құқық қорғау саласындағы қызметтің маңызы»Farabi University

«Құқық қорғау саласындағы қызметтің маңызы»

13 қараша, 2025

2025 жылдың 12 қарашасында Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің «Ел Тұтқа» пікірталас клубының мүшелері мен клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасар Алматы қаласы Алмалы аудандық прокуратурасына арнайы танымдық сапар жасады. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ заңгерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, прокуратура органдарының қызметімен тереңірек танысу және құқықтық мәдениетті нығайту болды.

Кездесу барысында студенттерге прокурор көмекшісі Ерназар Саймасай прокуратураның негізгі міндеттері мен құрылымдық қызметі туралы кеңінен әңгімелеп берді. Ол өз сөзінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, студенттер прокуратураның күнделікті атқаратын жұмысы, сотқа дейінгі тергеу, қадағалау және құқықтық бақылау бағыттары туралы практикалық мағлұмат алды.

Іс-шара барысында студенттер Ерназар Саймасайға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты мысалдар арқылы құқық қолдану тәжірибесінің ерекшеліктерін талқылады. Пікірталас клубының мүшелері прокурор қызметінің жауапкершілігі мен қоғамдағы беделі туралы ойларымен бөлісіп, өз болашақ кәсібіне деген қызығушылықтарын одан әрі арттыра түсті.

Кездесу соңында Тлепбергенов Орынбасар осындай танымдық іс-шаралардың студенттердің кәсіби дамуына зор әсер ететінін атап өтіп, прокуратура өкілдеріне жылы қабылдауы мен мазмұнды дәрісі үшін алғысын білдірді.

Бұл кездесу студенттерге құқық қорғау саласының шынайы жұмысымен танысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың бойында әділдік, жауапкершілік және заңға құрметпен қарау сезімдерін қалыптастырды. Осындай игі шаралар болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын кеңейтіп, елдің құқықтық мәдениетін арттыруға үлес қосатыны сөзсіз.