ТДМ №16: Заң және Тәртіп: заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды
Философия және саясаттану факультетінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және «Заң және Тәртіп» идеясын қолдау мақсатында кураторлық сағат өтті. Іс-шараға «Психология» мамандығының 2-курс студенттері қатысты, кураторлық сағат эдвайзер Айдос Махмутовтың жетекшілігімен ұйымдастырылды.
Куратор өз сөзінде бұл іс-шараның студенттердің құқықтық санасын және құқықтық мәдениетін дамытуда ерекше маңызды екенін атап өтті.
Іс-шара барысында студенттерге «СОЛЬ» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмнің негізгі мақсаты – есірткі заттарын қолданудың зиянын түсіндіру және олардың адам өміріне әкелетін салдарын көрсету болды. Көрсетілім барысында тәуелділіктің дамуы, аддиктивті мінез-құлықтың қалыптасуы және қылмыстық жауапкершілікке алып келетін жағдайлар нақты мысалдармен көрсетілді.
Фильмнен кейін студенттермен талқылау және аналитикалық жұмыс жүргізіліп, көріністен туындаған ойлар мен қорытындылар пысықталды. Кездесу барысында студенттерге Петропавл қаласындағы колонияда жазасын өтеген, бұрын сотталған азамат Рустам Х. өз тәжірибесімен бөлісті. Этикалық себептерге байланысты оның толық аты-жөні жарияланбайды, себебі ол сол кезде ҚР Ішкі істер органдарының пробация қызметінің бақылауында болды және тұрақты мекенжайы бойынша учаскелік инспектордың есебінде тұрды. Сонымен қатар, спикердің жеке басына қатысты мәліметтер оның өтініші бойынша жарияланбады.
Спикер өмір жолындағы қиын кезеңдер туралы ашық айтып, есірткі адамның заңға қарсы әрекет жасауына қалай әсер ететінін нақты мысалдармен түсіндірді. Сондай-ақ, ол студенттерге заңды құрметтеу мен қоғамда орнатылған тәртіпті сақтау әр азаматтың басты міндеті екенін жеткізді. Деректі фильм және спикердің әңгімесі арқылы студенттер есірткідің тұлғалық дамуға, физиологиялық және психологиялық денсаулыққа тигізетін зиянын, сондай-ақ колониядағы өмірдің шынайы ауыр сипаттарын көріп, түсінді.
Кездесу барысында студенттер спикерге сұрақтар қойып, қызығушылықпен тыңдады. Оның әңгімесі студенттерге заң аясында өмір сүру, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну және есірткі қолданудың қауіптілігі туралы ойлануға зор ықпал етті. Іс-шара «Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды» қағидасының өзектілігін нақты көрсетті.
Кураторлық сағат студенттердің құқықтық сана деңгейін арттыруға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және есірткіге қарсы тәрбиелік әсер етуге маңызды үлес қосты. Іс-шара жастарды заңды құрметтеуге, тәртіпті сақтауға және өз өмірі мен қоғам алдындағы жауапкершілікті түсінуге ынталандырды. Мұндай кездесулер университеттің негізгі міндеттерінің бірі – студенттердің моральдық, құқықтық және әлеуметтік мәдениетін қалыптастыру бағытын тиімді іске асыруға мүмкіндік берді.