«Заң және тәртіп» идеологемасын іске асыру: ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ынтымақтастықFarabi University

«Заң және тәртіп» идеологемасын іске асыру: ғылыми-білім беру кеңістігіндегі ынтымақтастық

12 қараша, 2025

2025 жылдың 12 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң ғылымдарының докторы, профессоры Ж.А. Кегембаева Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің М. Есболатов атындағы Алматы академиясында «Қызметтік қызметтің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етудегі құқықтық нормаларды және кәсіби этиканы үйлестіруге қосқан үлес» тақырыбында лидерлік дәріс өткізді. Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Дәріс ішкі істер органдары басқармалары мен бөлімдерінің басшыларына арналған біліктілікті арттыру курстарының шеңберінде, заң ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі А.Т. Байсеитованың белсенді қолдауымен өткізілді.

Дәрістің басты мақсаты – Қазақстан Республикасының ішкі саясат принциптері аясында құқықтық мәдениетті нығайту, қызметтік этиканы жетілдіру және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылау болды. Сонымен қатар кәсіби және этикалық жауапкершіліктің заңдылықты қамтамасыз етудегі рөлі, құқықтық нормалар мен адамгершілік қағидаттарының бірлігі мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметінің негізі ретінде қарастырылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазіргі таңда «Заң және тәртіп» идеологемасын нығайтуға және құқықтық сананы дамытуға бағытталған ғылыми-білім беру іс-шараларының жүйелі жоспары жүзеге асырылуда. Алматы академиясында өткізілген бұл дәріс аталған бағдарлама аясындағы маңызды қадам болып, академиялық ғылым мен практикалық мемлекеттік басқару арасындағы өзара байланыстың нақты көрінісіне айналды.

Мұндай форматтағы кездесулер еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен құқық қорғау құрылымдарының кәсіби ынтымақтастығын арттырып қана қоймай, заңдылық пен жауапкершілік мәдениетін – жаңа буын мемлекеттік қызметшілерінің басты құндылықтары ретінде орнықтыруға ықпал етеді.

Негізгі түйін: құқық пен кәсіби этиканың үйлесімі – елдегі заң мен тәртіпті қалыптастырудың берік іргетасы.

"Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы