Энциклопедист – ғалым Шоқан Уалихановтың туғанына 190 жылFarabi University

Энциклопедист – ғалым Шоқан Уалихановтың туғанына 190 жыл

13 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  ғалымдары Түркістан облысы Ордабасы аудандық ауыл мектебінің география  және тарих пәндері мұғалімдерімен шығармашылық жұмысты  қалай  ұйымдастыруға  болатыны жайлы  ғылыми-тәжірибе алмасып қайтты.

           Географиядан Республикалық атаулы мектептің Ордабасы аудандық бөлімшесінің  жетекшісі, білім бөлімінің география-тарих пәндерінің әдіскері, педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі Оналбаева Шолпан Балтабайқызының ұйымдастыруымен  қазақ халқының дарынды ұлы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысының білім басқармасының “Білім беруді дамыту орталығының” жылдық жұмыс жоспарына сәйкес “Мәңгі өшпес жарық жұлдыз: ғалымның өмірі, саяхаттары және ғылыми еңбектері” тақырыбында Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның пленарлық бөлімі Ордабасы аудандық мәдениет үйінде, тәжірибелік бөлімі Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда жалғасын тапты. Республикалық конференцияны аудан әкімінің орынбасары  Сағынбеков Олжас Болатханұлы ашып құттықтау сөз сөйлеп, ал Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Нурабаева Шұға Тұрмағанбетқызы модератор болды. Осы конференцияға Алматыдан  арнайы келген педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті география факультетінің «География, жерге орналастыру және кадастр» кафедрасының   профессоры, “Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері”, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі  Есназарова Ұлжалғас Әмзеқызы қатысып, «Ш.Ш.Уалихановтың география ғылымдарының дамуына қосқан үлесі» тақырыбында  баяндама жасады.  Географиядан Республикалық атаулы мектеп мүшелерінің бала Шоқан оқыған Ресей Федерациясы Омбы қаласындағы кадет корпусына барып, ондағы мұражай мұрағаттарымен танысып, Шоқан жүрген жолмен жүріп,  ескерткішіне  гүл шоғын  қойғаны туралы қызықты мәліметтер айтты. Ұлжалғас Әмзеқызы өз сөзінде қазақ халқының дарынды ұлы энциклопедист – ғалым Шоқан туралы  Омбы қаласындағы кадет корпусы мұражайының   директоры қызметін атқарушы азаматшаның  «Шоқан-Ваш или Шоқан –Наш» деген сөзі дарынды қазақ  баласын басқа ұлттың  өкілі бола тұрып, “егер қазақ  баласы жақсы, адал адам болып өссе,  менің балам  болса” деп армандайтынына мысал етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының  кандидаты Кунапина Кайыркен Құдайбергенқызы, “Өрлеу” БАҰО АҚФ Алматы қаласы бойынша КДИ қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедрасының аға оқытушысы Байболова Гулжанат Габдулахметқызы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қаттабекова Назгүл Кураловна, Алматы қаласындағы Абай ұлттық мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Қамысбаева Катира Балабековна Шоқанның өмір жолы туралы баяндама жасады. Мектеп-гимназия  ұжымы Шоқан туралы хор айтып, «бала Шоқан» өмірінен  театрландырылған көрініс көрсетті. Мектеп-гимназия ауласында Шоқан ауылының керемет бейнекөрінісін, Шоқанның хронологиялық бейнелерін «бала Шоқаннан- ғалым Шоқанға» дейінгі өмір жолын әсерлі түрде көрсете алды. Гимназия  оқушылары   Шоқан туралы ғылыми жобаларын қорғады. Сонымен қатар, конференцияның тәжірибелік  бөлімінде  Ордабасы ауданы білім бөлімінің әдіскері, педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі Оналбаева Шолпан Балтабайқызы «Шоқан және Түркі дүниясы» тақырыбында  баяндама, аудандағы  жалпы орта білім  беретін  мектептердің география  және  тарих пәні мұғалімдері шебер-сыныптар, тренинг, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімдері тәрбие сағатын өткізді. Конференцияны қорытындылаған Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының тарих және география пәнінің әдіскері, Абилхасимов Наурыз Есенжолұлы өз сөзінде сабақ өткен ұстаздар мен мектеп ұжымына алғысын айтып, жалпы конференцияның жоғары деңгейде өткенініне тоқталды.  Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия директоры Исанова Сәуле Егембердиевна да келген қонақтарға алғысын білдіріп, естелікке суретке түсті.