«Integrating Sustainability into Education» халықаралық симпозиумы
Батыс Швейцарияның Қолданбалы ғылымдар және өнер университеті (HES-SO) 2025 жылдың 14 қарашасында «Integrating Sustainability into Education» атты халықаралық симпозиумды табысты ұйымдастырды. Онлайн форматта өткен шараға Швейцария, Қазақстан, Әзербайжан және Қытайдан мамандар, оқытушылар және студенттер қатысып, Movetia агенттігі қолдаған «ConnectEurasia: Designing Collaborative Online Learning for Sustainability» жобасының нәтижелері таныстырылды.

Пленарлық сессияда мазмұнды баяндамалартыңдалды. Мария Стергиу (Movetia) агенттіктің халықаралық ынтымақтастық арқылы тұрақты дамуды ілгерілету жөніндегі стратегиялық ұстанымын таныстырды. Доктор Лора Перре (VALPEO, Швейцария) білім беру жүйесінің тұрақты даму мақсаттарына сай жаңаруының маңызын атап өтті. Доктор Гюльдем Карамустафа және доктор Сандра МакГьюри (Швейцария) ConnectEurasia жобасының негізгі нәтижелерін ұсынып, мәдениетаралық өзара әрекеттесу мен бірлескен оқытудың тұрақтылық білімін байытатынын көрсетті. Пленарлық отырыстың маңызды бөлігі ретінде Аружан Мерекебек (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан) және Сухель Буидиуа (HES-SO, Швейцария) өздерінің COIL бағдарламасына қатысу тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық оқу форматтарының кәсіби және мәдени көкжиегін қалай кеңейткенін айтты.

Параллель сессиялар тақырыптарды терең талқылауға мүмкіндік берді. Бірінші сессияны Шан Жуань және Шутин Ли (Шанхай университеті, Қытай) жүргізіп, қазіргі индустрияның сұраныстары мен тұрақты даму саласындағы жаңа құзыреттер – жүйелік ойлау, пәнаралық және сектораралық өзара әрекеттесу – сияқты маңызды аспектілерді талқылады. Екінші сессияға Ақнұр Жидебекқызы (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан) модераторлық жасап, тұрақты даму қағидаттарын әртүрлі пәндерге енгізудің тиімді тәжірибелері, кездесетін негізгі кедергілер және оларды еңсеру жолдары, сонымен қатар студенттердің құндылықтары мен дағдыларына ықпалын бағалау тәсілдері қарастырылды. Үшінші сессияны Сандра МакГьюри және Патрик Студер (ZHAW, Швейцария) жүргізіп, COIL, виртуалды алмасу және аралас форматтағы интенсивті бағдарламалар сияқты халықаралық білім беру құралдарының мүмкіндіктерін таныстырды. Спикерлер сандық ынтымақтастықтың командалық жұмысты, академиялық кредиттерді әділ тануды және ұзақ мерзімді серіктестіктерді дамытудағы рөлін айқындады.
Әртүрлі елдерден қатысқан оқытушылар, зерттеушілер және студенттерді біріктірген бұл симпозиум тұрақтылық білімін дамытуда халықаралық диалог пен бірлескен оқытудың маңызын айқын көрсетті. Іс-шара «ConnectEurasia» жобасының серіктестері жауапты, болашаққа бағдарланған білім беру тәжірибелерін ілгерілетуге және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға берік міндеттеме алғанын тағы да растады.

Басқа жаңалықтар