«Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп: ІІМ жұмысына аналитикалық көзқарас»Farabi University

«Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп: ІІМ жұмысына аналитикалық көзқарас»

17 қараша, 2025

17 қараша 2025 жылы «Ел тұтқа» пікірталас клубының қатысушылары және клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) құрылу тарихы мен қазіргі қызмет бағыттарына зерттеу жұмысын жүргізіп, жан-жақты танысты. Іс-шараның мақсаты – құқық қорғау органдарының құрылымы, атқаратын қызметі және қоғамдағы рөлі туралы терең білім беру, сондай-ақ болашақ заңгерлердің кәсіби ой-өрісін кеңейту болды.

Зерттеу барысында студенттер ІІМ-нің тарихи қалыптасу кезеңдеріне, оның құқықтық негіздеріне және қазіргі заман талаптарына сай жаңғыртылып жатқан жұмыс бағыттарына ерекше назар аударды. Қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы атқарылатын міндеттер егжей-тегжейлі талқыланды. Сонымен бірге, Ішкі істер органдарының қылмысқа қарсы іс-қимылдағы тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар тұжырымдар жасалды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы Сәденовтің бастамалары ерекше атап өтілді. Ол 2023 жылғы 2 қыркүйектен бастап ІІМ министрі қызметін атқарып келеді. Оның жетекшілігімен қолға алынған реформалар, әсіресе «Профилактика жылы» аясында жүзеге асырылып жатқан жаңашыл жұмыстар туралы қатысушылар өзара пікір алмасты. Қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық санасын арттыру және полиция қызметінің ашықтығын күшейту мәселелері талдаудың негізгі өзегіне айналды.

Бұл танысу жұмысы студенттерге ІІМ қызметінің маңызын терең түсінуге, құқық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатпен жақынырақ танысуға және кәсіби көзқарасын дамытуға зор мүмкіндік берді. «Ел тұтқа» пікірталас клубының мүшелері құқықтық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы Ішкі істер министрлігінің рөлінің ерекше екенін атап өтті.