ҚазҰУ студенттері ICPC 2025 жартылай финалына өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері спорттық бағдарламалау бойынша ең беделді олимпиадалардың бірі – ICPC жарысына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Олар ICPC 2025 жартылай финалына жолдама алды.
ICPC (International Collegiate Programming Contest) – халықаралық студенттік бағдарламалау олимпиадасы және информатика саласындағы ең беделді жарыстардың бірі. Бұл олимпиада университеттер мен IT-индустриясының интеграциясына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Сондай-ақ ол қатысушылардың алгоритмдік ойлауын, күрделі міндеттерді шешу дағдыларын және командамен тиімді жұмыс істеу қабілетін дамытады.
ICPC маусымы өңірлік іріктеу, субөңірлік финал және әлемдік финал кезеңдерінен тұрады. Жарысқа жүздеген университеттен мыңдаған командалар қатысады, олардың ішінен тек 100-150 үздік команда ғана әлемдік финалға жолдама алады.

Факультеттен алты команда қатысып, олардың бірі ширек финалды сәтті аяқтап, жартылай финалға шықты. Бұл жетістік студенттердің жоғары дайындық деңгейін, алгоритмдік ойлауын және командамен үйлесімді жұмыс істей алатынын дәлелдейді. Жартылай финалға өткендер: Дәулет Асуов, Дәулет Хамзин, Нұрбақыт Ермек.
ICPC олимпиадасына қатысу студенттерге халықаралық аренада өзін көрсетуге, кәсіби шеберлігін танытуға және жетекші IT-компанияларға жол ашады. Сондай-ақ бұл жарыс стартаптарды дамытуға, ғылыми жобаларға қатысуға және мансаптық өсуге мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар