Рекреациялық география және туризм кафедрасы Алматы қаласы Бостандық ауданы тұрғындары үшін ақпараттық-ағартушылық семинар өткіздіFarabi University

Рекреациялық география және туризм кафедрасы Алматы қаласы Бостандық ауданы тұрғындары үшін ақпараттық-ағартушылық семинар өткізді

17 қараша, 2025

2025 жылғы 17 қараша күні География және табиғатты пайдалану факультетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасы университеттің жергілікті тұрғындарға арналған ақпараттық-ағартушылық білім беру іс-шаралары аясында кезекті семинар өткізді. Семинар Алматы қаласының Бостандық ауданы тұрғындары үшін ұйымдастырылып, кафедраның қоғаммен байланыс орнатуға бағытталған тұрақты бастамаларының біріне айналды.

Бұл іс-шара университеттің қоғамдық әсерді кеңейту стратегиясына және Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) сәйкес келеді. Атап айтқанда, ТДМ 4 «Сапалы білім» және ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» міндеттерін жүзеге асыруға үлес қосады. Университет саясатына сәйкес мұндай семинарлар тоқсанына бір рет ұйымдастырылып, жергілікті қауымның туристік сауаттылығын арттыруға бағытталады.

Семинар барысында туризм саласын меңгерудің өзектілігі, оның өлкетану, мәдени мұраны зерттеу және шетелдік туристермен жұмыс істеумен тығыз байланысы кеңінен түсіндірілді. Алматы қаласының әрбір тұрғыны қалаға келген шетелдік қонақтарға дұрыс әрі мазмұнды ақпарат бере отырып, қаланың бейнесін қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді. Қала тарихын, мәдени нысандарды, жергілікті ерекшеліктерді сауатты таныстыру – туристік тартымдылықты арттырудың және халықаралық деңгейде оң имидж қалыптастырудың маңызды факторы.

Қатысушылардың жұмыстан кейінгі уақыт болғанына қарамастан, семинар белсенді әрі қызықты форматта өтті. Тұрғындар жоғары қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, пікір алмасып, болашақта да осындай іс-шараларға қатысуға ынталы екенін білдірді. Қатысушылардың оң пікірлері семинардың қоғам үшін маңыздылығын және университет пен жергілікті қауым арасындағы серіктестіктің нығая түскенін көрсетті.

Рекреациялық география және туризм кафедрасы алдағы уақытта да Алматы қаласы тұрғындарына арналған осындай білім беру іс-шараларын жалғастырып, тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге және қоғамның туристік сауаттылығын арттыруға үлес қоса береді.