ТДМ №12: «Студенттер үйіндегі экологиялық өмір салты: энергия мен ресурстарды үнемдеу жолдары» атты дөңгелек үстел өттіFarabi University

ТДМ №12: «Студенттер үйіндегі экологиялық өмір салты: энергия мен ресурстарды үнемдеу жолдары» атты дөңгелек үстел өтті

19 қазан, 2025

Тұрақты даму мақсаттарының 12 бағыты – «Өндіру мен тұтынудағы жауапкершілік» аясында студенттердің экологиялық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ тұрмыста жауапты тұтынушы мәдениетін қалыптастыру мақсатында Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы «Студенттер үйіндегі экологиялық өмір салты: энергия мен ресурстарды үнемдеу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шара университетіміздің №14 Студенттер үйінде өткізілді. Кездесу барысында қатысушыларға экологиялық өмір салтының маңызы, энергия мен суды үнемдеу тәсілдері, тұрмыстық қалдықтарды азайту және қайта пайдалану жолдары туралы кеңінен ақпарат ұсынылды.

Дөңгелек үстелде студенттер қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, табиғи ресурстарды үнемді пайдалану және экологиялық әдеттерді күнделікті өмірде қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ қатысушылар «жасыл» өмір салтының артықшылықтары, энергия тиімділігі мен қалдықтарды сұрыптау мәдениетінің маңыздылығы жөнінде өз ойларымен бөлісті.

Студенттер үйінің тұрғындары экологиялық мәдениетті арттыру бағытында өз ұсыныстарын ортаға салып, тұрмыста экологиялық жауапкершілікті күшейтуге үн қосты. Іс-шара жастардың экологиялық көзқарасын кеңейтіп, олардың табиғатты қорғауға деген белсенді ұстанымын нығайта түсті.

Осындай танымдық кездесулер экологиялық сана мен тұрақты даму қағидаттарын жастар санасына сіңіруге, әрі жас буынды жауапты азамат ретінде тәрбиелеуге зор ықпал етеді.