ТДМ №4: Жастар арасындағы суицидтің алдын алу: себептері мен шешу жолдары
Университетімізде «Жастар арасындағы суицидтің алдын алу: себептері мен шешу жолдары» тақырыбында танымдық дәріс өткізілді. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында жиі кездесетін психологиялық мәселелердің себептерін талдау, олардың алдын алу жолдарын қарастыру және қоғамда психикалық денсаулық мәдениетін қалыптастыру болды.
Дәріс барысында Жапония мен Қазақстандағы жастар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау мәселесінің әлеуметтік және мәдени ерекшеліктері кеңінен талқыланды. Маман баяндамасында екі елдегі жағдайға салыстырмалы талдау жасалып, негізгі себептер мен шешу жолдарына тоқталды.
Жапониядағы статистикалық деректерге сүйенсек, 15 пен 39 жас аралығындағы адамдардың өлімінің басты себебі – суицид болып табылады. Әсіресе 20–30 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш жоғары. Суицидтің негізгі себептері ретінде оқу мен жұмысқа орналасуға байланысты қысым, экономикалық қиындықтар, әлеуметтік оқшаулану және әлеуметтік желілерге тәуелділік аталды. Сондай-ақ, жапон қоғамындағы «басқаларға кедергі келтірмеу» қағидасы мен «ұят мәдениеті» жастардың көмек сұрауын қиындатып, психологиялық оқшаулануға әкелетіні айтылды.
Қазақстан жағдайына тоқталсақ, жастар арасындағы суицидтің негізгі себептері ретінде отбасылық түсініспеушіліктер мен жанжалдар, әлеуметтік және академиялық қысым, экономикалық қиындықтар және психологиялық көмек жүйесінің жеткіліксіздігі атап өтілді. Соңғы жылдары мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан сенім телефондары мен психологиялық көмек орталықтары ашылып жатқанына қарамастан, қоғамда әлі де «психологиялық көмекке жүгіну – әлсіздік» деген теріс көзқарас кездесетіні айтылды.
Салыстырмалы талдау көрсеткендей, мәдениет пен әлеуметтік құрылымдағы айырмашылықтарға қарамастан, басты ортақ мәселе – жастардың жалғыздығы мен көмек сұрауға қиналуы. Жапонияда мемлекеттік деңгейде жан-жақты бағдарламалар жүзеге асырылса, Қазақстанда аймақтар арасындағы теңсіздік пен мамандар тапшылығы басты кедергі болып отыр.
Дәріс барысында жастар арасындағы суицидтің алдын алу үшін бірнеше маңызды ұсыныстар айтылды. Олар: мектептер мен оқу орындарында психикалық денсаулықты нығайту бағдарламаларын енгізу, кеңес беру қызметтеріне қолжетімділікті арттыру, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты күшейту, цифрлық технологияларды пайдаланып тәуекелдерді ерте анықтау және психологиялық көмекке қатысты стигманы жою.
Қорытындылай келе, дәріс барысында жастар арасындағы суицид тек экономикалық мәселелермен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және психологиялық оқшауланумен байланысты екені атап өтілді. Сондықтан оның алдын алу үшін қоғамда өзара қолдау, түсіністік және психикалық денсаулық мәдениетіне негізделген өзгерістер қажет.
Басқа жаңалықтар