Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, география және табиғатты пайдалану факультеті, метеорология және гидрология кафедрасының «Метеорология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері табиғат аясында серуендеп, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Медеуге танымдық-спорттық саяхат жасады.
Серуен Медеу мұз айдыны маңынан басталып, атақты “Медеу баспалдағы” (842 саты) арқылы жоғары көтерілумен жалғасты. Бұл баспалдақ дене шынықтыруға, төзімділікті арттыруға, жүрек-қантамыр жүйесін нығайтуға өте пайдалы. Студенттер табиғат аясында серуендеп, таза тау ауасын жұтып, салауатты өмір салтының маңыздылығын терең түсінді.

Одан әрі сапар Жұмбақ жол бағытымен жалғасты. Бұл бағыт Алматының таулы өңірінің ерекше ландшафтын таныстырып, табиғаттың тылсым сұлулығын сезінуге мүмкіндік берді. Жол бойында студенттер жер бедерінің ерекшеліктері, гидрологиялық және метеорологиялық үдерістер туралы көшпелі түрде талқылап, теориялық білімдерін табиғатпен байланыстыра алды.
Медеудің өзі – теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан, Қазақстандағы ең көрікті табиғи демалыс аймақтарының бірі. Таза ауа, мұздық желдері, Іле Алатауының әсем көрінісі студенттерге ерекше рухани серпіліс сыйлады.

Серуен барысында студенттер табиғатпен үндесіп, физикалық белсенділіктің денсаулыққа пайдасын сезініп, бір-бірімен жақын араласып, жаңа әсерлерге толы күн өткізді. Бұл сапар олардың рухани-мәдени дамуына, табиғатты аялауға және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырды.