Қытай тілін оқытудағы жаңа трендтер туралы қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өттіFarabi University

Қытай тілін оқытудағы жаңа трендтер туралы қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті

10 желтоқсан, 2025

     2025 жылдың 9 желтоқсан күні қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тәжірибелі әдіскер-ғалым Дәулет Фатимабибі Ноғайқызы "Қытай тілін оқытудағы заманауи әдістер: Қазақстан, Қытай және әлемдік білім кеңістігіндегі негізгі трендтер" тақырыбында қалалық деңгейде ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Офлайн және онлайн форматта қатар ұйымдастырылған бұл шараға еліміздегі түрлі жоғары және арнайы білім беру оқу орындарынан  50-ге жуық оқытушы, жас мамандар, докторанттрар мен магистранттар қатысты. Семинарға шығыстану факультетінің оқытушыларымен қатар, Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан, соның ішінде шет тілдері, шығыстану, қытайтану салаларында қызмет етіп жүрген көптеген әріптестер де арнайы келіп қатысуы шараның ауқымын айшықтай түсті. Фатимабибі Ноғайқызы – әлемнің әртүрлі елдерінде өткен ғылыми-әдістемелік конференциялар мен тренингтерге тұрақты түрде қатысып, халықаралық тәжірибені жүйелі жинақтап жүрген танымал ғалым. Ол қытай тілін оқыту әдістемесі, мәдениетаралық коммуникация, тілдік саясат және инновациялық педагогика салаларында кең көлемде зерттеу жүргізіп келеді.

    Семинар барысында ғалым қазіргі әлемдегі тіл үйрету саласындағы жаңа бағыттар мен инновациялық әдістерді өзінің көп жылдық педагогикалық  тәжірибесімен ұштастыра отырып әсерлі баяндады. Семинарда, сонымен бірге, қытай тілін оқыту саласындағы халықаралық стандарттар мен жаңартылған HSK жүйесі, оқулықтар және жергілікті тұтынушыға бағытталған стратегиялар, заманауи педагогикалық әдістер, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту модельдері, ғылыми зерттеулер мен инновациялық технологиялардың рөлі секілді маңызды тақырыптар қамтылды. Әсіресе big data, AI, корпустық лингводидактика және көптілді білім беру бағыттарындағы жаңалықтар семинарға қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Семинар соңынан қытысушылар да өз ойларын, пікірлерін және тәжірибелерін ортаға салды. Әріптестер педагогикалық үдерістегі өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдарын талқылады. Пікір алмасу ерекше қызу атмосферада өтіп, қытай тілін оқыту саласындағы кәсіби қауымдастықтың белсенділігін көрсетті. Жалпы, семинар мазмұндық тереңдігімен және практикалық бағыттылығымен ерекшеленіп, қатысушыларды заманауи, өзекті ақпараттармен қамтамасыз етті. Бұл шара қытай тілін оқытудағы әдістемелік мәдениетті жаңғыртып, кәсіби қауымдастық арасындағы өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтуға елеулі серпін берді деуге болады.