2025 жылдың 8 желтоқсанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану мамандығының 2-курс студенттері Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Еркіндік таңы» атты танымдық іс-шараға белсене қатысты. Бұл іс-шараны студенттердің топ эдвайзері, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушысы Аширкулов Қ.Б. ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің Қазақстан Тәуелсіздігі, Желтоқсан оқиғалары және ұлттық құндылықтар туралы білімдерін тереңдету, патриоттық сезімдерін нығайту.
Кеш барысында студенттер 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күнінің тарихы мен маңызы туралы маңызды мәліметтермен танысты. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғаларына және Қазақстанның егемендік жолына қатысты деректі бейнематериалдар көрсетілді. Бұл материалдар жастардың тарихи санасын оятып, еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен аға-әпкелердің ерлігіне құрметпен қарауға шақырды.
Іс-шараның ең қызықты бөлігі – Kahoot! платформасында ұйымдастырылған интеллектуалды ойын болды. Ойын барысында студенттер Қазақстан тарихы, мәдениеті және Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады. Ойын жастар арасында бәсекелестікті арттырып, мерекенің мәнін ойын түрінде меңгеруге мүмкіндік берді.
Мұндай іс-шаралар студенттердің тарихи сауаттылығын арттыруға, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және ұлттық рухын нығайтуға зор үлес қосады.
Ұйымдастырушылар: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға эдвайзері Аширкулов Қ.Б. және 2-курс Түркітану мамандығының студенттері.
Басқа жаңалықтар