Қытай ғылым академиясының Синьцзян экология және география институты «Халықаралық студенттерді қабылдау жөніндегі ақпараттық брифинг»Farabi University

Қытай ғылым академиясының Синьцзян экология және география институты «Халықаралық студенттерді қабылдау жөніндегі ақпараттық брифинг»

11 желтоқсан, 2025

2025 жылдың 9 желтоқсанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан–Қытай бірлескен қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасында Қытай ғылым академиясының Синьцзян экология және география институты (XIEG, CAS) өкілдері халықаралық академиялық мүмкіндіктерге арналған ақпараттық семинар өткізді. Іс-шара жас ғалымдарға, магистранттар мен докторанттарға бағытталды.

Лабораторияның Қытайдағы серіктес басшылығы бұл семинарды екіжақты ғылыми ынтымақтастықты нығайту, жас зерттеушілерді ғылымға баулу және қашықтан зондтау саласында білікті кадрлар даярлау мақсатында ұйымдастырды. Іс-шара ҚазҰУ мен Қытай ғылым академиясы арасындағы стратегиялық байланыстарды кеңейтуге және бірлескен зерттеу бастамаларын дамытуға маңызды үлес қосты.

Семинар барысында институт профессорлары Қытай ғылым академиясының құрылымы, негізгі ғылыми бағыттары және оның халықаралық зерттеу әлеуеті туралы жан-жақты презентация ұсынды. Қатысушылар CAS–ANSO, CSC және UCAS сияқты халықаралық стипендиялық бағдарламалар, сондай-ақ докторантура мен постдокторантураға қабылдау талаптары және өтінім беру рәсімдері жөнінде толық ақпарат алды.

Семинар бағдарламасы үш негізгі бөлімді қамтыды: 

  • Синьцзян экология және география институтының ғылыми қызметі; 
  • Халықаралық стипендиялық мүмкіндіктер;
  • 2026 жылға арналған ғылыми және оқу бағдарламаларына құжат тапсыру тәртібі.