«Farabi Unicalm: Стресске қарсы университет» – студенттердің психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған ашық тәрбие сағатыFarabi University

«Farabi Unicalm: Стресске қарсы университет» – студенттердің психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған ашық тәрбие сағаты

15 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің психологиялық саулығын сақтау мен қолдауға бағытталған тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі –  студенттермен өткен «Farabi Unicalm: Стресске қарсы университет» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаты болды.

     Аталған тәрбие сағатын “Цифрлық қазақ тілі” мамандығының 1-курс магистранты Әли Ш.Қ. өткізді,  А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхамади Қ.Т. жетекшілігімен педагогикалық  тәжірибе аясында ұйымдастырылды.

     Қазіргі жоғары оқу орны жағдайында студент тек академиялық білім алып қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да тұрақты, өзін-өзі реттей алатын тұлға ретінде қалыптасуы тиіс. Әсіресе 1-курс студенттері үшін университетке бейімделу кезеңі эмоционалдық тұрғыдан күрделі болатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, аталған тәрбие сағатының маңызы ерекше болды.

 

     Іс-шараның басты ерекшелігі – ашық коммуникацияға негізделген, сенімді әрі қауіпсіз орта қалыптастыруы. Семинар-тренинг форматында өткен тәрбие сағатында студенттер стресс тақырыбын жасырмай, ашық талқылап, өз сезімдері мен ішкі күйіне назар аударуға мүмкіндік алды. Бұл – студенттердің өзін түсінуіне, эмоционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

     Тәрбие сағаты барысында жүргізілген стресс-тест, тыныс алу техникалары, арт-терапия және өзін-өзі бағалауға арналған жаттығулар студенттердің психологиялық қорғаныс дағдыларын қалыптастыруға, ішкі ресурстарын тануға ықпал етті. Әсіресе практикалық тапсырмалар студенттердің белсенділігін арттырып, теория мен тәжірибенің өзара байланысын көрсетті.

     Сонымен қатар, өзара қолдау мен жылы қарым-қатынасқа негізделген жаттығулар студенттер арасында сенім, эмпатия және топтық бірлікті нығайтты. Бұл – университет ортасында жағымды психологиялық климат қалыптастырудың маңызды алғышарты.

      Қорытындылай келе, «Farabi Unicalm: Стресске қарсы университет» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаты студенттердің психологиялық саулығына назар аударудың, стресс деңгейін алдын ала басқарудың және тұлғалық дамуды қолдаудың маңызын көрсетті. Мұндай тәрбиелік іс-шаралар болашақ мамандардың кәсіби ғана емес, рухани-психологиялық тұрғыдан да толыққанды қалыптасуына ықпал етеді.