География және табиғатты пайдалану факультетінің шетелдік білім алушыларына «Eco Map Campus» ГАЖ-платформасы таныстырылдыFarabi University

География және табиғатты пайдалану факультетінің шетелдік білім алушыларына «Eco Map Campus» ГАЖ-платформасы таныстырылды

17 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде «Eco Map Campus» атты геоақпараттық карта таныстырылды. «Eco Map Campus» веб-картасы география және табиғатты пайдалану факультетінің білім алушысы, Мұхтаров Ұлан Байтурсынұлы, «8D05202 – География» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты тарапынан заманауи геоақпараттық технологияларды қолдану арқылы әзірленді.

Аталған цифрлық өнім университет аумағында бағдарлауды жеңілдетуге арналған интерактивті веб-карта болып табылады. ҚазҰУ аумағының ауқымды әрі күрделі кеңістіктік құрылымын ескере отырып, картада барлық оқу және әкімшілік корпустар, сондай-ақ университет инфрақұрылымы туралы негізгі анықтамалық ақпарат көрсетілген.

Жоба шетелдік студенттер мен профессорларға, сондай-ақ бірінші курс студенттері мен талапкерлерге бағытталған. Университетке алғаш келген кезде кампус аумағында бағдарлану қиындықтары жиі кездесетіндіктен, веб-картаны пайдалану қажетті корпустарды жылдам табуға, объектілер туралы ақпарат алуға және университеттің кеңістіктік ұйымдасуы жөнінде тұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жобаның жүзеге асырылуы университеттің білім беру ортасын цифрландыру басымдықтарына сәйкес келеді және ТДМ 4 – «Сапалы білім» мақсатына тікелей бағытталған, сондай-ақ ТДМ 9 – «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым» және ТДМ 11 – «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» мақсаттарымен үндеседі.

География және табиғатты пайдалану факультеті университеттің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, шетелдік білім алушылардың бейімделуін жеңілдетуге және ГАЖ-технологияларды білім беру процесіне енгізуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді.