Физика-техникалық факультеттің жас ғалымдары «QazScience» сессиясына қатысты. ТДМ 4 және ТДМ 9Farabi University

Физика-техникалық факультеттің жас ғалымдары «QazScience» сессиясына қатысты. ТДМ 4 және ТДМ 9

20 қаңтар, 2026

Физика-техникалық факультеттің жас ғалымдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған «QazScience» ғылыми-академиялық сессиясына қатысты. Іс-шара 2026 жылғы 20 қаңтарда Алматы қаласында Халықаралық білім беру корпорациясының (ҚазБСҚА) базасында өтті.

Сессия аясында келесі өзекті тақырыптар ұсынылып, талқыланды:

  • «Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары шеңберінде ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға өтінімдер берудің әдістемелік негіздері»;
  • «Erasmus+ бағдарламасы аясындағы жоғары білім беру әлеуетін арттыру жобалары».

Ғылыми-академиялық семинар барысында қатысушылар ұлттық және халықаралық қаржыландыру тетіктерін, конкурстарға қатысу талаптарын, өтінімдерді дайындаудың құрылымдық және мазмұндық ерекшеліктерін, сондай-ақ ғылыми жобаларды іске асырудың тиімді тәжірибелерін қарастырды. Сонымен қатар конкурстық өтінімдерді дайындау кезінде жиі кездесетін қателіктер, оларды болдырмау жолдары және халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

     Сессияға қатысу жас ғалымдардың жобалық қызмет, ғылыми менеджмент және халықаралық ынтымақтастық салаларындағы құзыреттерін дамытуға ықпал етті. Факультет өкілдері семинардың конкурстық өтінімдердің сапасын арттыру және ғылыми қаржыландыру конкурстарына табысты қатысу тұрғысынан практикалық маңызын атап өтті.

     Өткізілген сессия Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) тікелей байланысты:

  • ТДМ 4 «Сапалы білім» — білім алушылар мен жас ғалымдардың зерттеушілік және жобалық құзыреттерін дамыту, жоғары білім беру әлеуетін нығайту;
  • ТДМ 9 «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым» — ғылыми зерттеулерді және инновациялық қызметті қолдау, ғылыми-технологиялық даму үшін кадрлық әлеуетті қалыптастыру.

Физика-техникалық факультет ғылымды дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және орнықты дамуға бағытталған осындай бастамаларға жас ғалымдардың қатысуын алдағы уақытта да қолдайтын болады.