- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Чеджу университетінде өткен Jeju NextGen AI Future Leaders Camp халықаралық бағдарламасына қатысты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Чеджу университетінде өткен Jeju NextGen AI Future Leaders Camp халықаралық бағдарламасына қатысты
2026 жылғы 26–31 қаңтар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Корея Республикасының Чеджу қаласында өткен Чеджу университетінің халықаралық білім беру бағдарламасына қатысты.
Бағдарламаға сондай-ақ Өзбекстан Республикасынан келген студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатысып, бұл халықаралық академиялық ынтымақтастық пен мәдениетаралық алмасудың дамуына ықпал етті.
Бағдарлама аясында Чеджу университеті қатысушыларға қаржылай қолдау көрсетіп, тұру және тамақтану шығындарын толықтай өз мойнына алды. Студенттер тек әуе билеттерін өздері төледі.
Білім беру бағдарламасы академиялық және мәдени бағыттарды ұштастырды. Студенттер Чеджу аралының негізгі көрікті жерлерін аралап, өңірдің бірегей табиғатымен танысты, теңіз жағалауларының көркем көріністерін тамашалады. Сонымен қатар, Корея Республикасындағы ең ірі океанариумдардың бірі — Aqua Planet Jeju кешенін аралап, аралдың бай су асты әлемімен танысты.
Бағдарламада командалық жұмыс, коммуникациялық дағдыларды дамыту және заманауи технологияларды тәжірибеде қолдануға ерекше назар аударылды. Оқу бағдарламасының басында қатысушылар командаларға бөлініп, Чеджу аралының бір көрікті орнына арналған қорытынды жоба дайындау тапсырмасын алды. Бағдарламаның жасанды интеллектіні қолдану тақырыбына сәйкес, студенттер AI құралдарын пайдалана отырып бейнематериалдар мен презентациялар әзірледі. Сапар барысында қатысушылар технологияны, зерттеуді және шығармашылықты ұштастыра отырып, креативті бейнероликтер мен рилстер жасады.
Командалық жобалардың тақырыптары ретінде Чеджу аралының жанартаулық тастарының ерекшеліктері, Корея Республикасындағы ең биік шың — Халласан тауы, сондай-ақ корей мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналатын хэнё — әйел-суға сүңгуірлердің теңіз мәдениеті ұсынылды.
Бағдарламаның соңғы күнінде командалар өз жобаларын таныстырып, нәтижесінде қатысушылар жүлделі орындар мен сертификаттармен марапатталды. Бұл бағдарлама Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері үшін құнды білім беру тәжірибесіне айналып, олардың цифрлық және коммуникациялық құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

.jpeg)
Басқа жаңалықтар