Philip C. Jessup халықаралық құқық бойынша конкурсына қатысуFarabi University
Референдум 15 марта

Philip C. Jessup халықаралық құқық бойынша конкурсына қатысу

12 ақпан, 2026

2026 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық құқық кафедрасының командасы Philip C. Jessup International Law Moot Court Competition конкурсының Орталық Азия өңірі бойынша Ұлттық раундына қатысты. Биылғы байқау Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өтті.

Philip C. Jessup International Law Moot Court Competition — халықаралық жария құқық саласындағы әлемдегі ең ірі әрі ең беделді студенттік муткорт. Бұл конкурс жыл сайын 100-ден астам мемлекеттің 700-ден аса университетін біріктіреді. Джессап конкурсына қатысу халықаралық құқық саласындағы заңгерлік білім берудің ең жоғары стандарты болып саналады, ал байқаудың өзі болашақ халықаралық заңгерлер, дипломаттар мен зерттеушілер үшін «олимпиада» ретінде кеңінен танылған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін 2026 жылғы Джессап конкурсына қатысу айрықша мәнге ие болды. Университет бұл беделді халықаралық жарысқа соңғы 15 жыл ішінде алғаш рет қайта оралды. Бұл қадам халықаралық құқық бойынша академиялық муткорттар дәстүрінің қайта жандануын білдіріп, студенттік заң ғылымы мен практикаға бағытталған оқытудың дамуы жолындағы маңызды кезеңге айналды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасының құрамында:
Амина Нургалимова, Айнур Калмурзаева, Сарван Иманов, Ибрагим Ашимов, Бексултан Асылбеков студенттері өнер көрсетті. Команданың жаттықтырушылары: Молдабаева Мадина Мұратқызы, заңгер, және Нысанбекова Ляззат Бегімжановна, PhD докторы, ассистент-профессор.

Команданың дайындық үдерісінің ерекшелігі — жоғары деңгейдегі дербестік, аналитикалық тереңдік және табандылық болды. Меморандумдар мен ауызша сөздермен жұмыс қатысушылардан халықаралық құқықты терең меңгеруді ғана емес, сонымен қатар халықаралық сот практикасын талдау, күрделі құқықтық аргументация құру және заңи ағылшын тілінде жоғары интеллектуалдық қысым жағдайында өз ұстанымын қорғау қабілетін талап етті. Команда жоғары тәртіптілік, ойлау икемділігі және уақыт тапшылығы жағдайында жұмыс істей алу қасиеттерін көрсетті — бұл Джессап конкурсының мықты қатысушыларына тән сипаттар.

Университет үшін ерекше мақтаныш — ҚазҰУ командасының ұлттық кезеңде «Best Memorial» («Үздік меморандум») номинациясына ие болуы. Бұл марапат Jessup шеңберіндегі ең беделді наградалардың бірі болып табылады және жазбаша құқықтық аргументацияның сапасы, құрылымы, талдаудың тереңдігі мен дәлелділігі үшін беріледі. Бұл жетістік команда мен университеттің жоғары академиялық деңгейінің және кәсіби дайындығының мойындалуы болды.

Аталған номинация алдағы уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасына Kazakhstan атынан exhibition team ретінде Philip C. Jessup International Law Moot Court Competition халықаралық раундтарына қатысу құқығын береді. Бұл халықаралық академиялық алмасу мүмкіндіктерін кеңейтіп, университеттің жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтады.

Команда Джессап конкурсының Орталық Азия өңірі бойынша Ұлттық раундын ұйымдастырушыларға жоғары деңгейдегі ұйымдастыруы, кәсібилігі және қатысушыларға көрсеткен қолдауы үшін шынайы алғысын білдіреді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ факультеті мен халықаралық құқық кафедрасының басшылығына жан-жақты қолдауы мен командаға сенімі үшін ерекше ризашылық білдіреміз.

2026 жылғы Джессап конкурсына қатысу — бұл мәреге жету емес, жаңа бастау. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың осы халықаралық алаңға қайта оралуы университеттің академиялық үздіксіздікке, халықаралық құқықты дамытуға және Қазақстанды жаһандық құқықтық аренада таныта алатын жаңа буын заңгерлерді тәрбиелеуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

Алда — жаңа халықаралық алаңдар, сын-қатерлер мен жеңістер.