«Әл-Фараби» бірлестігінің апталығы аясындағы ғылыми жобалар байқауы
2026 жылғы 10 ақпан күні №40 жалпы білім беретін орта мектебінде математика, информатика және физика пәндері бойынша «Әл-Фараби» бірлестігінің апталығы аясында ғылыми жобалар байқауы өтті.
Аталған іс-шараға 3, 5, 6 және 8-сынып оқушылары қатысып, өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғады. Оқушылар математика, информатика және физика бағыттарында тың идеялар ұсынып, зерттеу жүргізу дағдыларын көрсетті.
Іс-шараға қонақ ретінде қатысып, оқушылардың жобаларын тыңдап, әділқазылар алқасының құрамында бағалау жұмыстарына қатыстым.
Сонымен қатар, шара барысында ұстаздармен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ғылыми жобаларды дайындау әдістемесі, дарынды және үздік оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізу, білім беру үдерісінде жасанды интеллектті қолдану және цифрландыру мәселелері талқыланды.
Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсаты – «Мақсаттарға жету үшін серіктестік» аясында өтті. Бұл шара мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтып, білім беру сапасын арттыруға, тәжірибе алмасуға және жас ұрпақтың ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталды.
Мектеп пен жоғары білім беру ұйымы арасындағы мұндай серіктестік тұрақты дамудың басты қағидаттарының бірі – білім беру арқылы ұзақ мерзімді әлеуметтік және зияткерлік капитал қалыптастыруға үлес қосады. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, тұрақты дамуға үлес қосатын интеллектуалдық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Касенов Сырым
Математика кафедрасының меңгерушісі
Басқа жаңалықтар