2026 жылғы 5 ақпанда география және табиғатты пайдалану факультетінде факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғалымдарының Ғылыми-инновациялық қызмет департаменті және Стратегиялық даму орталығы өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Аталған кездесу факультеттің ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі жетілдіру, ғылыми әлеуетін арттыру және стратегиялық басымдықтарды нақтылау мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында факультеттің ғылыми әлеуеті, жарияланымдық белсенділігі, гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясындағы жобалардың орындалу барысы, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған даму жоспары жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар ғылыми инфрақұрылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру және рейтингтік көрсеткіштерді арттыру мәселелері талқыланды.
Ғылыми-инновациялық қызмет департаменті тарапынан конкурстық қаржыландыру тетіктері, жобаларды сүйемелдеу кезеңдері және өтінімдерді дайындау сапасын арттыру бойынша ұсыныстар берілді. Стратегиялық даму орталығы өкілдері факультеттің университеттің орта мерзімді даму стратегиясындағы орны мен көрсеткіштеріне тоқталып, тиімді индикаторларға қол жеткізу жолдарын атап өтті.
Кездесу барысында профессор-оқытушылар құрамы мен жас ғалымдар өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар мен әдістемелік ұсынымдар алды. Ашық форматтағы диалог ғылыми қызметті жүйелі ұйымдастыруға, факультет пен университеттің құрылымдық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және ғылыми бастамаларды үйлестіруге мүмкіндік берді.
Аталған кездесу факультеттің ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеруге, ұлттық және халықаралық ғылыми кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.