Қытайтану апталығы Қытай Жаңа жылын мерекелеумен ашылды
16 ақпан күні Қытайтану кафедрасының эдвайзері Сапарбаева Нұржанның жетекшілігімен жоғары ұйымдастырушылық деңгейде Қытайтану апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Қытайдың дәстүрлі Жаңа жылы — «春节» (Көктем мерекесі) қарсаңына орай ұйымдастырылды. Бұл мереке Қытайдағы ең маңызды әрі кеңінен атап өтілетін мейрамдардың бірі болып саналады.
Мерекелік бағдарлама аясында студенттер Қытай Жаңа жылының тарихы мен рәміздерімен, оның дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысты. Атап айтқанда, отбасылық құндылықтар, жаңа жылдық тағамдар, мерекелік безендірулер, «хунбао» қызыл конверттері және игілік пен өркендеуді білдіретін құттықтау тілектері туралы мәліметтер ұсынылды. Іс-шара атмосферасы Көктем мерекесі бейнелейтін бірлік, жаңару және үміт рухын айқын жеткізді.
Сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, оған Конфуций институтының директоры Асылбеков Рахымжан және институт оқытушылары, Шығыстану факультетінің басшылығы, оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері қатысты.
Концерт барысында Қытайдың ұлттық мәдениетінің байлығы мен алуан түрлілігін айқын көрсеткен вокалдық, би және көркемдік нөмірлер ұсынылды. Өнер көрсетілімдері көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, жарқын әсер қалдырды.
Аталған іс-шара студенттердің қытай тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ білім беру ұйымдары арасындағы мәдениетаралық диалогты, өзара түсіністік пен академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.



Басқа жаңалықтар