AI: Математика – дәлдік, информатика – мүмкіндік
11.01.2026 жылы №12 Ш.Уәлиханов атындағы мамандандырылған гимназия базасында«AI: Математика – дәлдік, информатика – мүмкіндік» тақырыбы аясында математика және информатика бірлестігінің ұйымдастыруымен «Таңдау + Даму = Болашақ» атты 10–11 сынып оқушыларына арналған танымдық іс-шара өтті.
Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарының 4-ші бағыты – «Сапалы білім беру» (ТДМ 4) аясында ұйымдастырылып, білім алушыларға тең мүмкіндіктер ұсыну, заманауи білім беру траекторияларын таныстыру және саналы кәсіби таңдау жасауға бағытталды.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – оқушыларды математика мен информатика бағытындағы заманауи мамандықтармен таныстыру, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың ғылым мен өндірістегі рөлін түсіндіру, сондай-ақ болашақ кәсіби бағыттарын айқындауға ықпал ету.
Іс-шараға арнайы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, механика-математика факультетінің өкілдері қатысты: Математика кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Касенов Сырым Еркінұлы, Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасының меңгерушісі PhD, қауымдастырылған профессор Темірбеков Алмас Нұрланұлы, Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары аға оқытушы Сағымбаева Лида Абсұлтанқызы.
Кездесу еркін форматта өтіп, қонақтар кафедралардағы білім беру бағдарламалары, мамандықтардың ерекшеліктері, оқу барысындағы ғылыми жобалар және мех-мат түлектерінің еңбек нарығындағы мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Атап айтқанда, түлектердің IT-компанияларда, ғылыми-зерттеу орталықтарында, қаржы ұйымдарында, білім беру саласында, деректерді талдау, жасанды интеллект және математикалық модельдеу бағыттарында табысты еңбек етіп жүргені айтылды.
Іс-шара соңында мектеп пен университет арасындағы кәсіби бағдар беру бағытындағы ынтымақтастықты нығайту, ТДМ 4 аясында бірлескен жобаларды жалғастыру қажеттігі атап өтілді. «Таңдау + Даму = Болашақ» кездесуі оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауға бағытталған маңызды алаң болды.

Математика кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Касенов Сырым Еркінұлы
Есептеу ғылымдары және статистика кафедрасының меңгерушісі PhD, қауымдастырылған профессор Темірбеков Алмас Нұрланұлы
Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары аға оқытушы Сағымбаева Лида Абсұлтанқызы
Басқа жаңалықтар