ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДА ӘЗЕРБАЙЖАНДЫҚ ЖАСТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІFarabi University

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДА ӘЗЕРБАЙЖАНДЫҚ ЖАСТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

24 ақпан, 2026

2026 жылғы 24 ақпанда Шығыстану факультетінің Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында Әзербайжан Республикасынан келген делегациямен ресми кездесу өтті. Делегация құрамында «Жас реформаторлар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Editor.az Әзербайжан медиа тобының бас директоры Фарид Шахбазлы және «Жас реформаторлар» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары, Azxeber Media Әзербайжан медиа тобының бас директоры Афсаладдин Агаларов ұйым өкілдері болды.

Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын университетпен сындарлы әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату және дамыту. Қонақтар университеттің тыныс-тіршілігімен танысып, студенттермен мазмұнды кездесу өткізіп, білім беру, жастар саясаты және халықаралық ынтымақтастық бағыттарындағы өзара әріптестіктің болашағын талқылады.

«Жас реформаторлар» қоғамдық бірлестігі 2005 жылдан бері Әзербайжан Республикасында табысты қызмет атқарып келеді. Ұйымның негізгі мақсаты – Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар үдерісіне жастардың белсенді қатысуына қолдау көрсету, сондай-ақ олардың қоғамдық, әлеуметтік және мәдени өмірге кеңінен араласуына жағдай жасау. Қазіргі таңда ұйым аясында 9500-ден астам белсенді жас біріктірілген.

Кездесу барысында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейде дамып келе жатқаны, әсіресе білім беру мен жастар саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді. Ортақ тарихи, мәдени және рухани құндылықтарға негізделген мұндай кездесулер екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне ерекше мән берілді.

Әбілдаев Ж.

Кыркымбекова А.