«Тиімді тамақтану: дәрумендер мен минералдардың рөлі»Farabi University

«Тиімді тамақтану: дәрумендер мен минералдардың рөлі»

12 қаңтар, 2026

2026 жылғы 12 қаңтарда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында офлайн форматта ТДМ №3 — «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» мақсаты аясында «Тиімді тамақтану: дәрумендер мен минералдардың рөлі» тақырыбында танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Шараға серіктес ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология факультеті қатысты.

Іс-шараның мақсаты – студенттердің дұрыс әрі теңгерімді тамақтанудың маңызын түсінуіне ықпал ету, дәрумендер мен минералдардың адам ағзасындағы рөлін түсіндіру және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Кездесу барысында білім алушылар негізгі микронутриенттердің иммунитетті нығайтудағы, зат алмасуды реттеудегі және ағза жүйелерінің қалыпты қызметін сақтаудағы маңызын талқылады. Студенттер топтарға бөлініп, A, C, D және B тобы дәрумендері, сондай-ақ кальций, темір және магнийдің адам денсаулығына әсері туралы жобаларын таныстырды. Баяндамаларда олардың тағамдық көздері мен тапшылығының ықтимал салдары жан-жақты қарастырылды.

Интерактивті пікірталас барысында қатысушылар жасөспірімдерге арналған теңгерімді тамақтану рационын құрастыру бойынша ұсыныстар әзірлеп, тамақтану сапасының энергия деңгейіне, еңбек өнімділігіне және жалпы әл-ауқатқа әсерін талқылады. Сонымен қатар тағам дайындау кезінде пайдалы заттарды сақтау жолдары мен дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру мәселелері көтерілді.

Іс-шараға 13 студент және 3 оқытушы-сарапшы қатысты. Нәтижесінде қатысушылардың тиімді тамақтану мен салауатты өмір салты мәдениеті туралы білім деңгейі артып, микронутриенттердің ағза қызметіндегі рөлі жөніндегі түсінігі тереңдеді. Шара студенттердің тағам таңдауда саналы көзқарасын қалыптастыруға және теңгерімді тамақтанудың маңызын ұғынуға ықпал етті.

 

Зоология, гистология және цитология кафедрасының аға оқытушысы

Естемірова Г.Ә.

#SDG #SustainableDevelopment #KazNU #SDG_KazNU #SustainableKazNU