№13 ТДМ аясында Almaty Arena-да ел рухын асқақтатқан тарихи кездесу
2026 жылдың 28 ақпаны — алматылықтар үшін ерекше күндердің біріне айналды. Осы күні еліміздің мақтанышы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жанкүйерлерімен жүздесу үшін Almaty Arena кешеніне келді. Бұл кездесу спорт сүйер қауыммен қатар, студент жастар үшін үлкен рухани серпіліс сыйлаған маңызды шара болды.
Аталған кешке Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Механика-математика факультеті, Математика кафедрасының студенттерін Математика кафедрасының аға кураторы Аузерхан Гауһар және ҚазҰУ орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Оспан А.О. жетекшілігімен белсенді түрде қатысты. Болашақ математиктер чемпионмен жүздесуді зор мақтанышпен қабылдап, аренада ел Туын көтеріп, қолдау көрсетті. Бұл сәт студент жастардың патриоттық рухын арттырып, ғылым мен спорттың ортақ құндылығы — табандылық пен еңбексүйгіштік екенін айқын көрсетті.
Кездесу барысында Михаил Шайдоров Олимпиада жолындағы қиындықтар, үздіксіз дайындық пен мақсатқа адалдық туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Ол жастарды білім мен спортта биік нәтижеге жету үшін табанды болуға шақырды. Әсіресе, механика-математика факультетінің студенттері үшін чемпионның «жүйелі еңбек — үлкен жетістіктің кепілі» деген ойы ерекше мотивация болды.
Кештің мәдени бағдарламасы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сахна төрінде өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Кештің басты хедлайнері — Қайрат Нұртас — өзінің танымал әндерін орындап, аренаны шаттыққа бөледі. Спорт пен өнер тоғысқан бұл кеш жиналған қауымның жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Сағат 12:00-ден бастап Сәтпаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысынан тегін автобустар ұйымдастырылып, студенттер мен қала тұрғындарының шараға ыңғайлы жетуіне мүмкіндік жасалды.
Almaty Arena-да өткен бұл кездесу — елдік рухты көтерген, жастарға шабыт сыйлаған тағылымды шара болды. Әсіресе, ҚазҰУ-дың Механика-математика факультеті студенттері үшін бұл күн білім мен табандылықтың, мақсат пен жеңістің символына айналды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Механика математика факультеті
Аузерхан Г.С., Оспан А.О.
Басқа жаңалықтар