«Заманауи энергетикалық жібек жолы» тақырыбында «Азиялық газқұбыры» ЖШС-де ашық есік күні өттіFarabi University
Референдум 15 марта

«Заманауи энергетикалық жібек жолы» тақырыбында «Азиялық газқұбыры» ЖШС-де ашық есік күні өтті

3 наурыз, 2026

Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі алаңында Азиялық газқұбыры жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен «Заманауи энергетикалық жібек жолы» тақырыбында ашық есік күні өтті. Іс-шара энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты тереңдету, заманауи инфрақұрылымдық жобалардың стратегиялық маңызын кеңінен таныстыру және жас мамандарға кәсіби бағдар беру мақсатында өткізілді.

Шараға Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы өкілі – Қытай Халық Республикасының Бас консулы арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, энергетика саласындағы бірлескен жобалардың өңірлік тұрақтылық пен экономикалық өсімге қосып отырған үлесін атап өтті. Сонымен қатар, «Заманауи энергетикалық жібек жолы» бастамасы аясындағы инфрақұрылымдық байланыстардың Еуразия кеңістігіндегі өзара тиімді серіктестікті нығайтудағы рөліне ерекше назар аударды.

Іс-шара барысында компания басшылығы қатысушыларды кәсіпорынның негізгі қызмет бағыттарымен, халықаралық газ тасымалдау жүйесіндегі орны және өндірістік үдерістерді жетілдіру тәжірибесімен таныстырды. Қонақтарға өндірістегі қауіпсіздік стандарттары, цифрландыру және автоматтандыру жүйелері, сондай-ақ экологиялық жауапкершілік қағидаттары туралы кең көлемде ақпарат берілді.

Ашық есік күніне отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сарапшылар қауымы, сондай-ақ Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты. Кездесу аясында энергетика, халықаралық қатынастар, көлік-логистика және тұрақты даму бағыттарындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Студенттер мен жас зерттеушілер сала мамандарымен тікелей сұхбат құрып, өндірістік тәжірибеден өту, тағылымдамадан өту және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алды.

Іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, ғылыми-өндірістік байланыстарды нығайтуға және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды. Мұндай бастамалар университет пен өндіріс арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, білім мен тәжірибенің тиімді сабақтастығын қамтамасыз етуге зор ықпал етеді.