«IQ Battle» интеллектуалдық ойыны: гендерлік теңдік және құқықтық мәдениет мәселелері талқыландыFarabi University

«IQ Battle» интеллектуалдық ойыны: гендерлік теңдік және құқықтық мәдениет мәселелері талқыланды

20 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы құрамында құрылған «Сен Сұлу» қыздар клубының ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттарында айқындалған «Гендерлік теңдік» бағытын жүзеге асыру аясында «IQ Battle» интеллектуалдық quizzes ойындары өткізілді.

Іс-шараның басты мақсаты – ақпараттық-ағартушылық науқан шеңберінде студент қыздардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен мүмкіндіктері туралы білімін кеңейту, сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылыққа қатысты нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы зияткерлік ойындар жастардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтып, гендерлік мәдениетті дамытуға ықпал етеді.

Интеллектуалдық сайыс барысында қатысушылар гендерлік саясат, қолданыстағы құқықтық нормалар, тарихтағы танымал әйел тұлғалар, көшбасшылық қағидаттары, білім беру және қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөліне қатысты сұрақтар бойынша бақ сынасты. Командалық форматта өткен ойын логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау, көшбасшылық және топтық үйлесімділік дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Қыздар арасында өткен quizzes ойындары еркін әрі креативті форматта ұйымдастырылып, жарқын эмоцияларға толы жағдайда өтті. Қатысушылар жоғары белсенділік танытып, өзара пікір алмасып, тың ақпаратпен танысып, жаңа тәжірибе жинақтады. Ойын нәтижесінде командалар білім деңгейін ғана емес, сонымен қатар өзара ынтымақтастық пен жауапкершілік мәдениетін де көрсете білді.

Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей сабақтас. Атап айтқанда:

№5 мақсат – Гендерлік теңдік бағыты аясында әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, қоғамдағы тең құқықтылық қағидаттарын нығайту көзделеді. Сонымен қатар,

№4 мақсат – Сапалы білім беру шеңберінде білім алушылардың құқықтық және әлеуметтік құзыреттерін дамытуға жағдай жасалды. Іс-шара мазмұны

№16 мақсат – Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар бағытымен де үйлесіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталды.

Осындай форматтағы зияткерлік кездесулер студент қыздардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, олардың қоғамдағы белсенді позициясын қалыптастыруға және өз құқықтарын қорғау мәдениетін нығайтуға өз үлесін қосады. Университет қабырғасында ұйымдастырылатын мұндай бастамалар гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілетіп қана қоймай, жастар арасында саналы әрі жауапты көзқарасты қалыптастыруға негіз болады.