- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- ҚазҰУ-да «Күлкі арқылы күш: әйелдің шекарасы мен қадірі» атты stand up-кеші өтті
ҚазҰУ-да «Күлкі арқылы күш: әйелдің шекарасы мен қадірі» атты stand up-кеші өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы жанынан құрылған «Сен Сұлу» қыздар клубының ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттарында белгіленген «Гендерлік теңдік» бағытын жүзеге асыру мақсатында «Күлкі арқылы күш: әйелдің шекарасы мен қадірі» атты stand up-кеші жоғары деңгейде өткізілді.
Іс-шара ақпараттық-ағартушылық науқан шеңберінде әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың өз шекарасын қорғау және өзін-өзі құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамда құқық бұзушылыққа қатысты нөлдік төзімділік қағидаларын насихаттауға бағытталды. Студенттер еркін пікір алмасып, психологиялық қауіпсіздік, гендерлік теңдік, жеке шекара мен өз құқығын қорғау тақырыптары бойынша ой бөлісті.
Кештің арнайы қонағы – stand up-комик Бекнұр Әбілханқызы болды. Өз өнерінде ол қазіргі қоғамдағы әйел рөлін, стереотиптерді, отбасы мен мансап арасындағы тепе-теңдікті әзіл арқылы әсерлі жеткізді. Көрермендер интерактивті форматтағы сұрақ-жауап сессиясына белсенді қатысты, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пайдалы кеңестер алды.
Stand up-кеш командалық және интерактивті форматта ұйымдастырылып, қатысушылардың ойлау қабілетін, креативтілігін және коммуникативтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Кеш жоғары деңгейде эмоционалды өтсе де, мазмұндық тұрғыдан ақпараттық және тәрбиелік мәнге ие болды.
Бұл іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді. Атап айтқанда:
– №5 мақсат – Гендерлік теңдік: әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, тең құқықтылық қағидаларын ілгерілету;
– №4 мақсат – Сапалы білім беру: студенттердің құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыру, маңызды дағдыларды қалыптастыру;
– №16 мақсат – Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар: құқықтық мәдениетті насихаттау және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Осындай шығармашылық әрі интерактивті іс-шаралар студент қыздардың интеллектуалдық және эмоционалдық әлеуетін арттыруға, қоғамдағы белсенді ұстанымын қалыптастыруға, өз құқықтарын қорғау мәдениетін нығайтуға және заманауи әйел рөлі туралы саналы түсінік қалыптастыруға үлес қосады. Университет бұл бағыттағы жобаларды жүйелі түрде қолдап, жастар арасында гендерлік теңдік қағидаларын ілгерілетуді жалғастыруда.
Басқа жаңалықтар