«Заңгер мансабын қалай бастау керек?»
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық құқық кафедрасында 2026 жылғы 27 ақпанда «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасының студенттеріне арналған «Заңгер мансабын қалай бастау керек?» тақырыбында қонақ дәріс өтті. Іс-шара спикерлері ретінде Synergy Partners заң компаниясының өкілдері — заңгер Али Дауталинов және HR-менеджер Меруерт Баяз сөз сөйледі.
Кездесу барысында сарапшылар заңгерлік мансаптағы алғашқы қадамдар, жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын талаптары және оқу кезеңінде дамыту қажет негізгі дағдылар туралы айтып өтті. Түйіндеме (резюме) дайындау мәселесіне ерекше назар аударылып, спикерлер жұмыс берушілер нені көргісі келетіні, білім мен академиялық жетістіктерді қалай дұрыс көрсету керектігі, сондай-ақ түлектер жиі жіберетін қателіктер жөнінде жан-жақты түсіндірді.
Дәрістің келесі бөлімі тәжірибе мәселесіне арналды — студенттер тәжірибені қайдан және қалай ала алады, мансапты бастау үшін қандай тағылымдамалар мен бағдарламалар тиімді екені талқыланды. Али Дауталинов практикалық қызметінен нақты кейстермен бөлісіп, заң фирмаларындағы заңгерлердің атқаратын жұмыстары, жас мамандар кездесетін міндеттер және қазіргі таңда сұранысқа ие бағыттар туралы баяндады.
HR-менеджер Меруерт Баяз үміткерлерді іріктеу үдерісі, сұхбаттан сәтті өту критерийлері және soft skills дағдыларын дамыту жайында айтып, халықаралық құқық саласындағы заңгерлер үшін бастамашылдық, жауапкершілік және шет тілдерін жоғары деңгейде меңгерудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында компания өкілдері студенттерді тәжірибеден және тағылымдамадан өту үшін түйіндемелерін career@synergy-law.com электрондық поштасына жолдауға шақырды.
Қонақ дәріс ашық диалог форматында өтіп, студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды және халықаралық құқық саласындағы болашақ мамандар үшін кәсіби бағдар беретін тиімді алаңға айналды.
Іс-шараны PhD докторы, қауымдастырылған профессор Алтаева К.Ж. жетекшілік ететін Халықаралық құқық кафедрасы ұйымдастырды.
Іс-шараның серіктесі — «Synergy Partners» заң фирмасы.
Басқа жаңалықтар