Студенттер қонақүй жұмысының ерекшеліктерімен танысты
2026 жылғы 27 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» мамандығының 2-курс студенттері оқу тәжірибесі аясында Best Western Plus Atakent Park Hotel қонақүйіне танымдық экскурсия жасады. Экскурсия доцент, қауымдастырылған профессор Жанна Медеуовнаның жетекшілігімен өтті. Іс-шараның мақсаты – студенттерді қонақүй кәсіпорнының құрылымымен, қызмет көрсету жүйесімен және бөлімдердің жұмыс ерекшеліктерімен таныстыру болды.

Экскурсия барысында қонақүй қызметкерлері студенттерге қонақтарды қабылдау және орналастыру қызметінің жұмысы, нөмірлерді брондау жүйесі, сондай-ақ халықаралық қонақүй стандарттары туралы мәлімет берді. Сонымен қатар сату және маркетинг бөлімінің қызметі, корпоративтік клиенттермен жұмыс және қонақүй қызметтерін онлайн-платформалар арқылы ілгерілету тәсілдері таныстырылды.

Сапар кезінде студенттер қонақүйдің негізгі аймақтарын, соның ішінде ресепшн, конференц-залдар, мейрамхана және әртүрлі санаттағы нөмірлерді көрді. Танымдық экскурсия студенттерге қонақүй бизнесінің жұмысын тәжірибелік тұрғыдан түсінуге мүмкіндік беріп, болашақ кәсіби қызметтері үшін пайдалы тәжірибе болды.
Басқа жаңалықтар