ТДМ 3 аясындағы іс-шара: «Тәуелділіксіз салауатты болашаққа»Farabi University

ТДМ 3 аясындағы іс-шара: «Тәуелділіксіз салауатты болашаққа»

7 наурыз, 2026

2026 жылғы 06 наурызда куратор Г.Ж. Жунусованың жетекшілігімен «Есеп және аудит» мамандығының 3-курс студенттері Тұрақты даму мақсаттарының № 3 «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» бағыты аясында алкоголизм мен лудомания мәселесіне арналған кураторлық сағат өткізді. Аталған іс-шара студенттердің физикалық және психикалық денсаулығына, сондай-ақ қоғам өмірінің сапасына кері әсер ететін заманауи әлеуметтік және мінез-құлықтық қауіптер туралы хабардарлығын арттыруға бағытталды.

Кураторлық сағат барысында қазіргі қоғамдағы алкоголизм мен лудомания мәселесінің өзектілігі жан-жақты қарастырылды. Әсіресе алкогольді шамадан тыс пайдалану мен ойынға тәуелділіктің адамның өмір сапасына, тұлғааралық қарым-қатынастарға, оқу және кәсіби қызметіне тигізетін кері әсеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар бұл тәуелділіктердің таралу себептері талқыланды. Олардың қатарына психологиялық қиындықтар, күйзеліс, әлеуметтік қысым, құмар ойындар мен алкогольдің қолжетімділігі жататыны айтылды. Ал салдары ретінде депрессия, мазасыздық, агрессия, әлеуметтік жауапкершіліктің төмендеуі, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары жүйесі мен ішкі ағзалардың түрлі ауруларының пайда болуы мүмкін екендігі атап өтілді.

Кураторлық сағаттың жеке бір бөлімі лудомания мәселесіне – құмар ойындарға патологиялық тәуелділікке арналды. Бұл тәуелділік тек қаржылық шығындарға ғана емес, сонымен қатар күрделі психологиялық мәселелерге, отбасылық қатынастардың бұзылуына, әлеуметтік оқшаулануға және өмір сапасының төмендеуіне әкелетіні айтылды. Студенттер ойын тәуелділігінің қалыптасу механизмдерін, оның негізгі белгілерін және жеке тұлға мен қоғам үшін ықтимал салдарын талқылады.

Іс-шара барысында аталған тәуелділіктердің Тұрақты даму мақсаттарының № 3 «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» мақсатымен өзара байланысы да қарастырылды. Бұл мақсат барлық жастағы адамдар үшін салауатты өмір салтын қамтамасыз етуге және әл-ауқатты арттыруға бағытталған. Осыған байланысты зиянды тәуелділіктердің алдын алу, салауатты өмір салты мәдениетін дамыту, сондай-ақ адамның өзінің физикалық және психикалық денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру аталған мақсатқа жетудің маңызды шарттары екендігі атап өтілді.

Студенттер талқыланған тақырыпқа үлкен қызығушылық танытып, пікірталасқа белсенді қатысып, тәуелділіктердің пайда болу себептері мен олардың салдары жөнінде өз ойларын білдірді. Жалпы алғанда, тәуелділіктердің алдын алу мәселесінің негізгі аспектілері, жеке жауапкершіліктің, ақпараттанудың және салауатты өмір салтының психикалық және физикалық денсаулықты сақтаудағы рөлі қарастырылды. Сонымен қатар саналы таңдау жасаудың, өзін-өзі бақылау дағдыларын дамытудың, отбасы мен қоғам тарапынан қолдаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Егер тәуелділік белгілері байқалған жағдайда, кәсіби мамандардың көмегіне жүгіну қажеттігі атап өтілді.

Өткізілген іс-шара студенттердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға және жеке әрі қоғамдық әл-ауқатты сақтаудың маңыздылығын түсінуге ықпал етті. Талқылау барысында студенттер адамның жеке мінез-құлқы мен өмір сапасын арттыруға және халық денсаулығын нығайтуға бағытталған жаһандық тұрақты даму міндеттері арасындағы өзара байланысты тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.

Жалпы алғанда, өткізілген іс-шара студенттердің өз денсаулығына саналы көзқарасын қалыптастыруға, зиянды әдеттерге сыни тұрғыдан қарау қабілетін дамытуға және әлеуметтік жауапкершілік деңгейін арттыруға ықпал етті.