ҚазҰУ-дың студенттік заң клиникасы Maqsut Narikbayev University-де өткен «Құқық» бағыты бойынша ОӘБ отырысында өз қызметін таныстырдыFarabi University
Референдум 15 марта

ҚазҰУ-дың студенттік заң клиникасы Maqsut Narikbayev University-де өткен «Құқық» бағыты бойынша ОӘБ отырысында өз қызметін таныстырды

11 наурыз, 2026

     2026 жылғы 11 наурызда Maqsut Narikbayev University алаңында «Құқық» бағыты бойынша Оқу-әдістемелік бірлестіктің (ОӘБ) кезекті отырысы өтті. Іс-шараға елдің құқық саласында мамандар даярлайтын 20 жоғары оқу орнының өкілдері, сондай-ақ жұмыс берушілер - ұлттық және халықаралық заң фирмалары мен компаниялар, мемлекеттік органдар мен кәсіби ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бар.

      Отырыс барысында құқықтық білім беруді дамыту тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы заң клиникаларының қызметі мәселелері қарастырылды. Студенттердің тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруда және халыққа қолжетімді заң көмегін көрсету ісінде заң клиникаларының рөлін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

  Отырысқа әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атынан онлайн форматта студенттік заң клиникасының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Байдельдинов Даулет Лайкұлы және заң ғылымдарының докторы, профессор Ибраева Алуа Саламатқызы қатысты.

    Өз баяндамасында профессор Д.Л. Байдельдинов студенттік заң клиникасының қызметі туралы ақпарат беріп, халыққа құқықтық көмек көрсету және студенттердің практикалық даярлығын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

    Атап айтқанда, ол ҚазҰУ-дың студенттік заң клиникасы маңызды білім беру және әлеуметтік жоба екенін, оның 2009 жылы азаматтарға тегін заң көмегін көрсету және заңгер-студенттердің тәжірибелік әрі кәсіби дағдыларын қалыптастыру мақсатында құрылғанын атап өтті.

    Сонымен қатар баяндамасында профессор Д.Л. Байдельдинов құқықтық институттарды нығайту және азаматтардың заң көмегіне қолжетімділігін кеңейту мақсатында бірқатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық жолға қойылғанын, атап айтқанда, AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалымен және Қазақстан Республикасы Банк омбудсмені Д. Нұрпейісовтің кеңсесімен бірлескен жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

      Бұдан бөлек, ҚазҰУ-дың студенттік заң клиникасы құқықтың өзекті мәселелерін талқылауға және академиялық қауымдастық, практик-заңгерлер мен мемлекеттік органдар өкілдері арасында тәжірибе алмасуға арналған жыл сайынғы кәсіби алаң болып табылатын халықаралық заң форумының жұмысына белсенді қатысады.

    Жалпы алғанда, ҚазҰУ-дың студенттік заң клиникасы заңгер-студенттердің тәжірибелік даярлығын қамтамасыз етуге, халыққа тегін заң көмегін көрсетуге және университеттің мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді.