Қаржылық пирамидаларды тану және оларды алдын алу тәсілдері
2026 жылғы 12 наурыз күні Механика кафедрасында «Қаржылық пирамидаларды тану және оларды алдын алу тәсілдері» тақырыбында 1–2 курс студенттеріне арналған ақпараттық-танымдық сағат ұйымдастырылды. Іс-шараны кафедраның аға кураторы Байсбаева О.Б. және «Ғарыштық техника және технологиялар» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары бірлесіп өткізді.
Шараның негізгі мақсаты – студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндіру және жастарды күмәнді қаржылық ұсыныстардан сақтандыру.
Кездесу барысында Механика-математика факультетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары Абенов Б.К. сөз сөйлеп, қазіргі қоғамда кең таралып отырған қаржылық алаяқтықтың түрлері мен олардың салдары туралы маңызды мәліметтермен бөлісті.
Іс-шара барысында студенттер қаржылық пирамиданың мәнін, алаяқтық схемалардың бес негізгі белгісін және Қазақстанда компаниялардың заңдылығын тексерудің нақты жолдарын үйренді. Сонымен қатар қатысушылар нақты мысалдар мен өмірлік жағдайларды талқылап, танымдық викторинаға белсенді қатысып, өз білімдерін бекітті.
Кездесу барысында студенттер мұндай жағдайларға тап болған кезде қандай әрекеттер жасау қажеттігі, банк карталары мен жеке деректерді алаяқтардан қорғаудың тиімді тәсілдері туралы да пайдалы ақпарат алды.
Аталған іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының:
4-мақсаты – «Сапалы білім беру» және 8-мақсаты – «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» бағыттарына сәйкес жүзеге асырылды.



Механика кафедраcының аға кураторы Байсбаева О.Б.
Басқа жаңалықтар